Бокстан әлем чемпионатының жетінші күні қалай қорытындыланды

None
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жетінші жарыс күні, 7 мамырда Қазақстан құрамасы мен олардың қарсыластары қандай ойын көрсетті? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің материалында.

Бұл күні Қазақстан құрамасы үшін күтпеген жеңіс тіркелді. Ұлттық құраманың негізгі көшбасшысының бірі – Сәкен Бибосынов (51 келі) үндістандық Дипак Кумарға есе жіберді. Ал, Серік Теміржанов (57 келі) венгриялық Роланд Верешті сенімді түрде жеңсе, Нұрқанат Райыс (75 келі) доминикандық Виргилио де лос Сантоса Дельгадоны, Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) сириялық Мохаммед Млайесті қапы қалдырды.

Өзбекстан құрамасынан төрт боксшы шаршы алаңға шықты. Олардың қатарынан Абдумалик Халоков (57 келі) аустралиялық Сеньор Чарлиді, Хасанбой Дусматов (51 келі) марокколық Саид Мортажиді жеңді. Сондай-ақ, Алохон Абдуллаев (75 келі) қытайлық Меньян Чжаоны, Баходир Джалолов (92 келіден жоғары) аустралиялық Теремоан Джуниорды тізе бүктірді.

Ал, Ресей құрамасынан Эдуард Саввин (57 келі) үндістандық Мохаммед Хуссам Уддиннен нокаутпен жеңілсе, Василий Егоров (51 келі) жапониялық Томое Цубоиден ұтылды. Тағы бір ресейлік Павел Сосулин (75 келі) үндістандық Сумиттен басым түсті.

Әлемдік бокстағы көшбасшының бірі – Куба сапынан Эрислан Ромеро (51 келі) Бахрейн атынан шыққан қазақстандық Азат Махметовті, Сайдель Орта (57 келі) доминикандық Хосе де лос Сантосты орта жолда қалдырды. Ал, Йоэнлис Эрнандес (75 келі) иорданиялық Ахмед Альмхараттан, Алехандро Арсола (92 келіден жоғары) үндістандық Нарендерден айласын асырды.


Соңғы жаңалықтар