Бокстан әлем чемпионаты: Серік Теміржанов 1/8 финалға жолдама алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында бүгін ел құрамасынан Серік Теміржанов жарыстың келесі сатысына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Теміржанов (57 келі) 1/16 финалда жапониялық Реито Цуцумимен шеберлік байқасты.

Жекпе-жек барысында Серік сенімді ойын көрсетті. Екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Үшінші раундта да жинақы қимылдады. Төрешілер қазақстандық боксшының жеңгеніне қолдау білдірді. Осылайша ол 1/8 финалға жолдама алды.

Бұдан бұрын Серік моңғолиялық Энх-Амар Хархуумды қапы қалдырған еді.

Сондай-ақ, бүгін елорда уақытымен 00:00-де Абылайхан Жүсіпов (67 келі) венесуэлалық Кристиан Паласиомен кездеседі.

Еске салсақ, ұлттық құрама сапында Теміртас Жүсіпов (48 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Саматали Төлтаев (60 келі), Санатали Төлтаев (63,5 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) шаршы алаңға шыққан жоқ. Ал Сәкен Бибосынов (51 келі), Абылайхан Жүсіпов (67 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Ел құрамасынан кеше Бек Нұрмағамбет (86 келі) 1/16 финалда бразилиялық Кено Мачадоға есе жіберді.

Ал бүгін Нұрлан Сапарбай 92 келіден жоғары салмақта испаниялық Аюб Гадфа Дриссиге жол берді.


Соңғы жаңалықтар