Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстандық екі спортшы жарысты жалғастырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында 4 қазақстандық боксшы кезекті жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Олардың арасында екеуі жеңіске жетсе, екеуі қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Дүбірлі додада 52 келіде сынға түскен Кенже Мұратұлы өзбекстандық қарсыласы Шахзод Мұзафаровтан жеңілді. Ол бұдан бұрын шотландиялық Леннон Малллиганнан басым түскен еді.

Ал 60 келіде шаршы алаңға шыққан Елнұр Сүйінбай никарагуалық Микел Эрнандесті үшінші раундта нокдаунмен тізе бүктірді. Осылайша 1/8 финалға жолдама алды.

Тағы бір қазақстандық Нұржан Амангелдінің (69 келі) ресейлік Чеэрав Ашалаевқа шамасы келген жоқ. Қарсыласы – Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атанған тәжірибелі боксшы.

Ал қыздар арасында 54 келі өнер көрсеткен Айшагүл Елеубаева 1/4 финалға шықты. Үнді боксшысымен өткен жекпе-жекті төрешілер екінші раундта тоқтатып, жеңісті қазақстандық спортшыға берді.

Естеріңізге сала кетелік, жастар арасындағы әлем чемпионатына еліміз атынан 20 боксшы аттанған болатын.


Соңғы жаңалықтар