Бокстан әлем чемпионаты: Әбілхан Аманқұл 4/1 финалға жолдама алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында өзінің екінші жекпе-жегін 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық спортшы қарсыласы - неміс Сильвио Шиерлені айқын басымдықпен жеңді, есеп - 5:0.

29 тамыз күні өтетін ширек финалдық кездесуде Әбілхан Аманқұл енді кубалық Арлен Лопеспен айқасады.

Еске салайық, бұған дейін тағы екі спортшымыз Жомарт Ержан (49 келі) мен Қайрат Ералиев (56 келі) Әлем чемпионатындағы екінші жекпе-жектерін сәтті өткізіп, ширек финалға жолдама алған болатын. 29 тамызда Жомарт ресейлік Василий Егоровпен,  Қайрат неміс Омар Эль-Хагпен қолғап түйістіреді.

26 тамыз күні турнирдегі жарысын Азамат Исақұлов (52 келі) пен Әділет Құрметов (60 келі) аяқтаған болатын.

Айта кетейік, 25 тамызда басталған Бокстан әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады. Олар  - 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев.

Байрақты додада әлемнің 85 елінен 280 боксшы бақ сынауда.

 

Соңғы жаңалықтар