Бокстан ӘЧ: Талғат Сырымбетов Азия чемпионына есе жіберді

None
Фото: prosports.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Талғат Сырымбетов келесі кезеңге өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшы 60 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда өткен жылғы Азия чемпионы, иорданиялық Мохамед Абу-Джаджехпен жұдырықтасты.

Бұл әлем чемпионатына бірінші рет қатысып отырған 22 жастағы Т.Сырымбетовтің екінші жекпе-жегі еді.

Талғат бірден шабуылға көшіп, соққыларын жиі дарытуға тырысты. Бірақ бірінші раундта төрешілер иорданиялық боксшы басым деп тапты. Екінші кезеңде М.Абу-Джаджех ескерту де алды. Бұл жолы таразы басы Т.Сырымбетовке ауды. Үшінші раундта та Талғат аянып қалмады. Алайда төрешілер жеңісті иорданиялыққа берді – 1:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан әлем чемпионатында Сағындық Тоғамбайдың қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Санатәлі Төлтаев келесі кезеңге жолдама алды.


Соңғы жаңалықтар