Бокстан ӘЧ: Карина Ибрагимова екі дүркін әлем чемпионын ұтып, финалға шықты

Фото: Фото: instagram.com/boxingkazakhstan
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Карина Ибрагимова финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бес және бір жыл бұрын дүниежүзілік додада қола жүлдегер атанған Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта екі дүркін әлем чемпионы, тайбэйлік Линь Юйтинмен жұдырықтасты.

Бәсеке өте қызу өтіп, алғашқы екі раундта Каринаның сәл басымдылығы байқалды. Карина Ибрагимова үшінші кезеңде де сол қарқынынан танған жоқ.

Осылайша, екі дүркін әлем чемпионын жолдан тайдырған К.Ибрагимова енді алтын үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында бүгін қазақстандық 6 боксшының финал жолдамасын сарапқа салатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова қола жүлдегер атанды.


Соңғы жаңалықтар