Боксшылар Қазақ елінің үмітін ақтады - ұлттық құраманың бас бапкері

None
None
АММАН. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Жарыс аяқтала салысымен бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, олимпадалық іріктеу турнирі туралы өз пікірімен бөлісті.

- Ғалымбек Қалиұлы, олимпиадалық іріктеу турниірін сәтті аяқтадыңыздар. Көңіл- күйіңіз қалай?

- Өте тамаша! Сенім артқан серкелерімнің барлығы менің ғана емес, жалпы Қазақ елінің үмітін ақтады. 8 боксшы алып келдім, барлығы Олимпиадаға жолдама жеңіп алды.

- Сіз осыған дейінгі бір сұхбатыңызда 6 жолдама алсақ деп жоспарлағаныңызды айтып қалып едіңіз. Жоспарыңыз артығымен орындалды...

- Иә, әрқашан арық айтып, семіз шыққанға не жетсін. Өздеріңіз де жарысты тікелей эфирден көріп жатқан боларсыздар. Ешқандай осал қарсыласымыз болған жоқ. Барлығы «сен тұр, мен атайын» деген боксшылар боллы. Бірақ, біздің жігіттер Олимпиада лицензиясы үшін аянып қалған жоқ. Барын салды. Соның нәтижесінде Олимпиадаға толық құрамда баруға мүмкінлік алдық.

- Медаль үшін айқаста кейбір боксшыларымыз жолдамаға қол жеткізгеннен кейін, мақсат орындалды деп босаңсып кеткен жоқ па?

- Мен олардың бапкері ретінде олай есептемеймін. Барлығы да медаль үшін шама келгенше жұдырықтасты. Негізі, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин финалда қарсыласынан бір бәс жоғары түскендей болды. Бірақ, төрешілер оның қарсыласын жеңімпаз деп тапты. Егер Сафиуллин жеңіске жеткенде жалпыкомандалық есепте Өзбекстанды басып озып, бірінші орынға көтерілер едік. Бірақ, бұл Олимпиада ойындары емес, іріктеу турнирі ғана. Сондықтан, бұйырмаған медальға бола қапа болудың қажеті шамалы. Есесіне, Олимпиада ойындарына дейін қай жерден қателік жібергенімізді пысықтап, сол қателіктермен жұмыс істеуіміз керек.

- 75 келі салмақта ел намысын қорғаған Әбілхан Аманқұлдың финалдағы айқасына қандай баға бересіз?

- Әбілхан Аманқұл өткен жылы жарақатына байланысты көптеген жарыстарға қатысқан жоқ. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы салмақта Ресейде өткен әлем біріншілігіне Тұрсынбай Құлахмет қатысқан болатын. Аманқұл бір жылдық үзілістен кейін осы олимпиадалық іріктеу турниріне шығып отыр. Сонда да Олимпиадаға жолдама алып қана қоймай, финалға дейін жетті. Бұл жаман көрсеткіш емес. Енді, Олимпиадаға дейін қателіктермен жұмыс істейміз.

- 81 келі салмақта аталған турнирде қазақ боксшылары арасынан алғашқы алтынды жеңіп алған Бекзат Нұрдәулеттің жекпе-жектеріне бағаңыз...

- Бекзат - жас боксшы. Жас бола тұра өткен жылы әлем біріншілігінде өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Және, бүгін сол жеңісінің кездейсоқ еместігін тағы бір дәлелдеп, бас жүлдені жеңіп алды. Жалпы, болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшыларымыздың бірі деп санаймын.

- Рио-де-Жанейродағы Олимпиаданың күміс жүлдегері 91 келі салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүрген Василий Левиттің көптеген жарыстарда финалда жолы кесіле беретіні туралы көпшілік қауым жиі айтып жүр. Алайда, бұл жолы бас жүлдеге күмәнсіз қол жеткізді. Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Левит - құрамадағы аса тәжірибелі, сақа боксшылардың бірі. Біз оның әу баста жолдамаға иелік ететініне сенімді болдық. Сондай-ақ жеңімпаз боларына да күмән келтірген жоқпыз. Өздеріңіз көргендей, қоржынымызға екінші алтын жүлдені сыйлады. Енді, Левитке Риода кеткен есені қайтарып, чемпион болу қалды. Бұл жолы барлық қарсыласын күмәнсіз ұтты.

- Қай боксшылардың жұдырықтасуына көңіліңіз толған жоқ?

- Негізі, барлығы керемет жұдырықтасты. Ешқайсысын бөле жарғым келмейді. Ең бастысы, Олимпиадаға толық құрамда жолдама ұтып алдық. Біздің мақсатымыз да сол болатын. Біз мақатты 100 пайыз орындай алдық. Алайда, арасында кемшіліктеріміз де болды. Біз енді Олимпиада ойындарына дейін қателіктермен жұмыс істейміз. Ендігі мақсат - Олимпиада ойындарында топ жару.

- Әңгімеңізге рахмет! Мақсаттарыңыз орындала берсін...

Фото: sport.inform.k


Соңғы жаңалықтар