Боксшы Теміртас Жүсіпов: Әзірге шаршы алаңның ішінде жүріп, жанкүйерлерімді қуантқым келеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Өткен жылдың қазан айында Сербияның Белград қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 48 келі салмақта шаршы алаңға шығып, ұлттық құраманың қоржынына алғашқы алтын медаль салған ақмолалық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем, Азия және Қазақстанның бес дүркін чемпионы, әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы, «Астана Арланс» кәсіпқой клубының сапында дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) кубогының бірнеше дүркін иегері, Қазақстан құрама командасының мүшесі Теміртас Жүсіпов ҚазАқпарат тілшісіне спорттағы жетістіктері туралы айтып берді.

– Теміртас Берікұлы, сіздің бүгінгі жеткен жетістіктеріңді ауыз толтырып айтуға болады. Бұл жетістіктің хронологиясын айтып өтсеңіз. Боксқа қашан және қалай келдіңіз?

– Боксқа 2004 жылы он алты жасымнан бастап ден қойдым. Ауылда тоғызыншы сыныпты бітіріп, Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосындағы кәсіптік-техникалық лицейге оқуға түскен бетім. Елде бұған дейін ұстазым Марат Байбосыновтың жетекшілігімен қазақ күресімен айналысатынмын. Лицейде күрес секциясы жоқ екен, сосын осы боксқа жазылдым. Өйткені, кішкентай кезімнен оны да жақсы көріп, бүйрегім бұрып тұратын. Басында осы бокс әліппесін алғашқы бапкерім Жәлел Әбілмәжінов ағайдан үйрендім. Кейін ол кісі мені келесі жаттықтырушым Кенжебек Құрмановтың қол астына берді. Екі-үш жылдан соң осы өңірде Мереке Жүсіпов, Руслан Мусинов, Шыңғыс Рамазанов сияқты небір бокс саңылақтарын тәрбиелеген қазіргі бапкерім, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбай Қоқышевтің назарына іліктім. Осылай жүріп бес дүркін ел чемпион атандым. Соның бәрі әрине, мені боксқа баулыған алғашқы бапкерлерімнің, жеке жаттықтырушым, ақылшы ағам Қуанышбай Қоқышевтың, Қазақстан құрамасы бас бапкерлерінің арқасы. Олар болмаса, осындай биіктен көріне алар ма едім?!

– Спорт болған соң, қуаныш, реніші қатар жүрмей қоймайды. Алғашқы жеңіс пен жеңілістер, бәрі де есте шығар.

– Ең бірінші рет 44 келі салмақта облыстық жарысқа қатысып, бірден ұтылып қалдым. Сондағы көңіл-күйімді, ұнжырғамның түскенін көрсеңіз. Мұндайда намысқа баспай болмайды екен. Жаттығу қажеттігін түсіндім. Бапкерімнің айтқанын бұлжытпай орындай отырып, бірте-бірте шеберлігімнің өскенін байқадым. Сөйтіп, Краснояр - Щучье матчтық кездесуінде алғашқы жеңісімнің дәмін таттым. Одан әрі Өскеменде өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 46 келі салмақта үшінші орынға ие болдым. Сөйтіп 2007 жылы үлкен рингке жолдама алдым.

– Өзіңіз айтып өткендей елімізде 5 дүркін Қазақстан чемпионы болған санаулы спортшылардың бірісіз. Осылай ұзақ уақыт жоғары деңгейді ұстап тұрудың сыры неде?

– Әрине, спортшы үшін үнемі жоғары деңгейде болу оңай емес. Қай спортта болмасын бәсекелестік бар. Соған қарсы тұрудың бір ғана амалы бар, ол тынымсыз еңбек пен төзімділік. Әр жарысқа соңғы рет шығып отырғандай мұқият дайындаламын. Бапкеріммен әр қарсыласымның жекпе-жегін зерттеп, оған қарсы арнайы тактика жасаймыз. Әрбір соққы шыңдаймыз. Бір жаттығу – бір қарсыласқа, екіншісі – екіншісіне пысықталады. Бокс «бастан ұру» деген стереотип қалыптасқан. Шындығында ондай емес, бокс – ол интеллектуалды спорт деп айтар едім, сонымен бірге ол жалпы дамудың керемет әсеріне ие. Жекпе-жек кезінде әрдайым қарсыласты қалай алдауды, өзін қалай қорғауды, жағдайды үнемі талдауды ойлау керек. Бұл қиын, балалық шақтан бастап жақсы дамыған шеберлікті қажет етеді.

– Сіз 40 күн ішінде екі рет әлем чемпионы атандыңыз – алдымен әскери қызметшілер арасында, содан кейін ерлер арасында. Осындай қысқа мерзімде осындай жетістіктерге қалай қол жеткіздіңіз? Қай жарыс сіз үшін ауыр болды?

– Екі чемпионат та ауыр болды. Әскери қызметкерлер арасындағы чемпионатқа әр елдің кілең мықтылары ғана келді. Әскери қызметшілер арасындағы бірінші жекпе-жек корейлікпен, екінші жекпе-жек кениялықпен өтті. Екеуі де өз еліндегі ең мықты деп саналады. Жартылай финалда Ресейден келген боксшымен кездестім, ол өз еліндегі екінші нөмір, Еуропа, Еуропа ойындарының чемпионы. Өте мықты қарсылас. Ал финалда өз елінің рейтингісінде бірінші болған бразилиялықпен қолғап түйістірдім. Араға 40 күн салып әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Әр жарыстан кейін жарақаттан айығу үшін бір апта немесе 10 күндей ғана демалыс беріледі. Яғни, демалуға уақыт жоқ, жаттығу арқылы өз формаңды жоғалтпау керек.

– Сербияда өткен әлем чемпионатына қатысты бір нәрсені нақтылағымыз келеді. 1/8 финалда сербтер жекпе-жектің қорытындысы бойынша сіздің жеңісізге наразылық білдірді. Оның себебі неде?

– Иә, осындай сәт болды. Меннің бірінші кездесуімді жергілікті серб боксшысымен өткіздім. Барлық үш раундта өзімнің жеңіске жеткенімді сездім. Шаршы алаң илері наразылық білдіргенде қатты таңқалдым, жалпы, бокста ондай бұл болады. Алаң иесін өз үйінде сабағаныма ренжіген шығар (күледі). Сонымен бірге, біздің жанкүйерлер «Қазақстан, Қазақстан» ұрандатты.

– Степногордегі спорт интернатындағы әлімжетік туралы келеңсіз оқиғаны естіген шығарсыз. Бұл туралы не айтасыз?

– Мен мұны мүлдем құптамаймын. Интернатқа спортпен шұғылдануға, спорт тұрғысынан жаңа нәрселерді үйренуге келеді. Бір отбасындай тату болулары қажет. Мұндайға жол берілмеуі керек.

– Сіз олардың интернаттан шығарылғанын дұрыс деп есептейсіз бе?

– Иә, мұндай балаларға спортта орын жоқ. Менің ойымша, бұл басқалар үшін үлкен сабақ болады.

– Бокстағы кумирлеріңіз бар ма. Бар болса, кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

– Жастайымыздан бокстағы біздің кумиріміз де сол кездегі Руслан Мусинов, Аман Батырбаев сияқты ағаларымыздың есімдерін атап өтер едім. Бүгін өз басым сол ағаларымыздың ісін жалғастырып келе жатырмын деп ойлаймын.

– Жалпы Ақмола, Көкше жерінде бокс қалай дамып жатыр? Осыған қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Жаман емес. Жақсы боксшылар, жақсы бапкерлер бар. Осыдан бірер жыл бұрын облыстық бокс федерациясы құрылды. Бұрын да Қазақстанда жаман санатта емес едік, енді боксымыз одан сайын дами түсуде. Облыс басшылығының қолдауымен жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Өңірде халықаралық деңгейде түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Бұл біздерге тәжірибе жинақтап, шеберлігімізді одан әрі шыңдай түсуде мүмкіндік береді. Бұл әрине, біздерді қауантады. Өңірде бокстың дамуына үлес қосып жүрген Бақберген Сабыржанов, Нұрдәулет Жарманов, Нұрсұлтан Қосшығұлов сияқты мықтылар бар.

– Алда қандай міндеттер тұр. Болашақта жаттықтырушы болу жоспарда бар ма?

– Менің басты мақсатым - әлем чемпионы болу еді. Бар күш жігерімді соған сарпыдым. Төгілген маңдай тер ақталып, мақсат орындалды. Енді мен жаңа мақсаттар, жаңа міндеттер қоямын және оларды орындауға тырысамын. Шынымды айтсам, жаттықтырушы болу туралы әлі ойланбадым. Болашақта бапкерлік қызметке міндетті түрде келемін. Оны уақыт көрсетеді. Әзірге шаршы алаңның сыртында емес, ішінде жүріп, жанкүйерлерімді қуантқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік пен жаңа жеңістер тілеймін.



Соңғы жаңалықтар