Боксшы Назым Қызайбай шеберлігін тағы дәлелдеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда ҚазКСР-дің еңбек сіңірген бапкері Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған жыл сайынғы халықаралық турнирдің ақтық сайыстары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР бокс федерациясына сілтеме жасап.

Осымен 33-рет ұйымдастырылып отырған турнирге алғаш рет олимпиадалық бағдарламаға енетін салмақ дәрежесіндегі (51 келіге дейін, 60 келіге дейін және 75 келіге дейін) қыздар қатысты.

51 келі салмаққа дейінгі әлемнің екі дүркін жеңімпазы Назым Қызайбай (Алматы) финалда Өзбекстан спортшысы Азизабон Мамированы ұтты.

60 келіге дейінгі салмақта - Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің спортшылары тағы кездесті. Нәтижесінде, Ақмола облысының боксшысы Карина Ибрагимова жеңісін атап өтті.

75 келіге дейінгі үшінші салмақ дәрежесінде Қарағанды облысының тумасы Виолетта Князева мен қызылордалық Ақерке Бақытжан кездесті. Тартысты өткен жекпе-жек Виолетта Князеваның пайдасына шешілді.

Ерлер арасында «алтын» үшін 49 келіге дейінгі аса жеңіл салмақта Алматы облысының былғары қолғап шебері Жандос Нәсіпжан мен Әлішер Айтқожанов айқасты. Жеңіс тұғырынан Жандос Нәсіпжан көрінді.

52 келіге дейінгі салмақта Қарағанды облысынан Ақниет Балтабаев үздік атанды.  Ол финалда Ақмола облысының спортшысы Оразбек Асылқұловтан басым түсті.

56 келіге дейінгі спортшылар арасында бірінші орын үшін Бекжан Құралов (Алматы облысы) пен Қанат Тұрғанбаев (Қарағанды облысы) жұдырықтасты.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық сайыста жеңісті тағы бір қарағандылық - Сергей Макарихин атап өтті. Ол Алматы облысының тумасы Мирас Ертановқа жол бермеді.

64 келіге дейінгі айқаста жергілікті боксшы Мақсат Жексенбин қостанайлық Николай Швабадан басым түсті.

Қостанайлық боксшы Сергей Карбывничий 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік деп танылды.

Қостанай облысының спортшысы Рустам Жумагулов (75 келі) табанды жекпе-жекте қарағандылық Владислав Столбовты жеңе алды.

Өз еліне «алтынды» Қытай өкілі Еркін Жанқожа (81 келіге дейін) алып берді, ол ауыр шайқаста ОҚО тумасы Абзал Құттыбековты жеңді.

91 келіге дейінгі салмақта Алексей Севастьянов (Қарағанды облысы) екінші рет қатарынан үздік атанды.

Аса ауыр салмақ дәрежесінде (91 келіден жоғары) жергілікті боксшы Дмитрий Зиско ҚХР спортшысы Ахмет Майматиге есе жіберіп алды.

 

Соңғы жаңалықтар