Бокс: Шәріпова-Вальстрем жекпе-жегінде қандай белбеулер тігіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шәріпова-Вальстрем кездесуінде атышулы Кличко-Льюис матчына тігілген титулдар болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіби бокстан екі түрлі салмақтағы чемпион Фируза Шәріпова және финляндиялық WBC әлем чемпионы Ева Вальстрем белбеулерін тікті. Бұл туралы қазақстандық арудың менеджері Сергей Завилейский айтып берді.

«Шәріпова мен Вальстремнің жекпе-жегінде 59 келі салмақтағы екі титул тігіледі. Бұл титулдар Виталия Кличко, Леннокс Льюис сияқты ауыр салмақтағы әйгілі екі боксшының  жекпе-жегінде де қойылған. Фируза IBO Championship дәрежесіндегі  чемпиондық белбеуді, Ева өз кезегінде WBC жеңімпазы атағын ұсынды.  Кездесу жайында бітімге келдік, келісімшартты да егжей-тегжейлі қарап шықтық. Тек нақты күн мен аренаны анықтау ғана қалды. Қазір осы шаруалармен айналысудамыз», - деді Сергей Завилейский.

Естеріңізге сала кетсек, Фируза Шәріпова мен Ева Вальстремнің кездесуі желтоқсан айына жоспарланған. Жерлесіміз  8 қыркүйек күні Санкт-Петербургте Юлия Куценкомен күш сынасқан еді. Ал финдік жеңімпаз соңғы рет 6 сәуірде Хельсинки қаласында американдық Мелисса Сент-Вилизбен айқасқан.

Айта кету керек, Ева Вальстрем қарсыласының соңғы жекпе-жегіне қатысып, көз түйістіріп  қайтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар