Бокс: Қытай құрамасындағы қандасымыз әлем чемпионатын жеңіспен бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Қытай құрамасы сапында сынға түсіп жүрген қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлы Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таңатқанұлы Қытай ұлттық құрамасы сапында 80 келі салмақта жұдырықтасып жүр. Ол Ташкентте армениялық Хамбардзум Акопянмен шаршы алаңға шығып, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Осылайша ол әлем біріншілігін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, Тоқтарбек Таңатқан Қытайдың Шыңжаң өңірінде 1996 жылы дүниеге келген. Ол -бүгінгі таңда 80 келі салмақта аталған елдің ең мықты боксшыларының бірі, Қытай чемпионы. ҚХР құрамасы сапында Токиода өткен 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан әлем чемпионатында Сағындық Тоғамбайдың қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Санатәлі Төлтаев келесі кезеңге жолдама алды. 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Талғат Сырымбетов 1/16 финалда өткен жылғы Азия чемпионы, иорданиялық Мохамед Абу-Джаджехтен ұтылып қалды.


Соңғы жаңалықтар