Бокс: Еркежанды жеңген вьетнам «қызы» еркек болып шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір айдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда, сәуірдің 19-27 аралығында Тайланд елінің астанасы Бангкокта бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Мұнда құрлықтың отыздан астам елінен келген кіл мықты спортшылар жарыс жолына шықты. Өз салмағының үздігі атанумен қатар, Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына жолдама иелену үшін бақ сынасты. Атап өтерлік жайт, еліміз былғары қолғап бәсекесінде Азия құрлығында теңдессіз екендігін тағы бір дәлелдеді. 10 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте алғашқы орыннан көрінді.

Аltaynews.kz сайтының жазуынша, сайыс барысында таңғаларлық жағдай орын алған. Мәселен, шығысқазақстандық Еркежан Дәулетжанқызы 57 келіге дейінгі салмақта алтын  медаль иелену үшін шаршы алаңға шыққан. Оған дейін бұрымды боксшымыз Индонезия, Моңғолия, Жапония елдерінен келген спортшыларды тас-талқан етіп жеңген. Финалда Вьетнам елінің өкілімен кездесіп, төрешілер жеңісті соған береді. Ал артынан оның жынысын ауыстырған ер бала екені анықталды.

Еркежанның жаттықтырушысы Арман Тыныбаевтың айтуынша, вьетнамдық боксшы өткен жылдың қараша айында Үндістандағы әлем чемпионатында топ жарған. Сол жерде ол Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама иеленеді.

«Оның қимылы, күлгені, жұдырықтасу мәнері ер балаға қатты ұқсады. Азия чемпионаты кезінде ол өзіне көп назар аудартты. Сайыс мәресіне жеткен соң, AIBA халықаралық бокс қауымдастығы секемденіп, одан ДНК сынамасын алған. Осылайша шындықтың беті ашылыпты», - дейді Арман Тыныбаев.

Бапкердің айтуынша, жарыс біткен соң, екі апта уақыт ішінде аяқ асты қуанышты хабар жеткен. Мұны еліміздің қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Алмаз Қуатбеков айтқан екен. Енді жақын арада Еркежанға Азия ойындарының «алтыны» мен Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама тапсырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар