Бокс: Әлем чемпионатында қазақстандық қыздар қанша жүлде алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейдің Улан-Удэ қаласында бокстан қыздар арасында әлем чемпионаты жалауын көтереді. Оған Қазақстан атынан он боксшы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлем чемпионатына дүниежүзінің 75 мемлекетінен спортшылар келеді деп күтілуде. Он бірінші мәрте өткізіліп отырған дүбірлі додада 809 былғары қолғап шебері он салмақта сынға түседі.

Бокстан Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Ерік Алғабек он салмақта сынға түсетін шәкірттерінің есімін атады. Атап айтқанда, әлем чемпионатында еліміздің атынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дана Жоламан (54 келі), Айжан Қожабекова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Дариға Шәкімова (69 келі), Ақерке Бақытжан (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Дина Исламбекова (81 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.

Әлем чемпионаты 2001 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Содан бері қазақстандық боксшылар барлығы 16 жүлдеге қол жеткізді. Олардың арасында 5-уі алтын, 4-уі күміс, 7-уі қола медаль. Қазақстан құрамасы 2001, 2002, 2005 жылдарда өткен жарыста жүлдеден тыс қалды. Ал 2006 жылы Назгүл Боранбаева (46 келі) қола жүлдегер атанды. 2008 жылы Елена Кольцова (80 келі) да дәл осындай жетістікті қайталады. 2010 жылы қазақстандық боксшылар қатарынан Марина Вольнова (81 келі) күміс алса, Назгүл Боранбаева (48 келі) үздік үштікті түйіндеді. 2012 жылы Юлдуз Маматкулова (81 келі) екінші орынға тұрақтаса, Назым Қызайбай (48 келі) үшінші орын алды.

Сондай-ақ, 2014 жылы Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет алтын медальге қол жеткізді. Атап айтқанда, 48 келіде сынға түсетін Назым Қызайбай чемпион тұғырына көтерілді. Тағы бір боксшымыз Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанды.

2016 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өткен болатын. Бұл жолы қазақстандықтар 4 алтын, 2 қола медаль алды. Чемпион атанғандар қатарында Назым Қызайбай (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69 келі), Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) бар. 2018 жылы қазақстандық құрама қоржынына 1 күміс, 1 қола медаль түсті. Қазақстандық боксшылар қатарынан Жайна Шекербекова (51 келі) күміс, Карина Ибрагимова (60 келі) қола медаль алды.

2019 жылғы әлем чемпионатының ойын кестесі төмендегіше түзілген. Боксшылар 3-8 қазан аралығында іріктеу жекпе-жектерін өткізсе, 9 қазанда жарыстың 1/8 финалдық сатысында сынға түседі. Ал 10 қазанда ширек финал өткізілсе, 12 қазанда жартылай финал болады. Ал 13 қазанда финалдық жарыстар өтіп, жеңімпаздар анықталады.

Боксшылар күндізгі және кешкі жекпе-жектерде бақ сынайды. Әлем чемпионатында 10 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Соңғы жаңалықтар