Бокс: АҚШ полицейі Димаш Ниязов елордадағы айқасына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та полиция болып жұмыс істейтін боксшы Димаш Ниязов 9 қыркүйекте Астанада өтетін өз кездесуіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Димаштың ұлты қазақ. Оның Қазақстандағы жекпе-жегі кәсіпқой бокстағы тұңғыш айқасы. Ол бокс кеші үшін арнайы алыс құрлықтан ұшып келген. Қанат Исламның промоутерлері әу баста Димашқа тәжірибесі мол бразилиялық боксшымен кездесу өткізуді ұсынған екен. Димаш бір ауыздан «Қиындық жоқ! Шығамын» деп жауап берген.

«Қазақстанға қыркүйектің бірінде ұшып келдім. Бұл жақта ауа-райы Америка құрлығынан бөлек болғандықтан, алдын ала бейімделіп алуды жөн санадым. Менің қарсыласым бразилиялық Эдуардо Перейро дос Рейс өте мықты боксшы деп айтуға болады. 22 мәрте жеңіске жеткен, 4 жеңілісі бар. Бразилиядағы рейтинг бойынша бесінші орында. Мен үшін бұл кездесу бұрынғылардан гөрі ең күрделісі болайын деп тұр. Себебі, оның тәжірибесі менен екі есе көп. Бірақ, Қазақстан халқына мықтылығымды таныту үшін осы айқасқа шығуға бел будым», -дейді боксшы.

Димаш өз сөзінде психологиялық тұрғыдан салмақ түсіп тұрғанын мойындады. Оның үстіне, бокс кеші өтетін «Сарыарқа» велотрегіне билеттердің барлығы сатылып кеткен. Бұл, 9 мыңнан астам орынға арналған спорт кешені лық толы болады деген сөз.

«Қазақстанға көшкіңіз келмейді ме?», - деген сұраққа: «Әлбетте, көшкім келеді. Бірақ, көреміз...», - деп қысқа қайырды.

«Бұрынғы кездесулерімнің барлығы Америкада, нақтырақ айтқанда, Детройд пен Калифорнияда өткендіктен, ол жақтағы фанаттарым мен үшін тақым қысып отыр. Әсіресе, өзімнің жұмысым бойынша, полицейлер ерекше қанаттандырып жатыр. Айқасты көргісі келеді. Сол үшін барымды саламын», - деп түйді боксшы.

Еске сала кетсек, 9 қыркүйекте елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде кәсіпқой бокс кеші өтеді. Басты айқас - Қанат Ислам мен канадалық Брендон Куктың арасында болмақ. Сондай-ақ бокс кешінің андеркартында Жаңқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы, Димаш Ниязов пе Руслан Жанабаев шаршы алаңға шығады.

Соңғы жаңалықтар