Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарына апаратын жол қашан салынады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Елбасы тапсырмасына сәйкес Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол құрылысы алдағы жылы басталады. Бұл туралы БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазталовтан аталмыш аудан орталықтары Сайқын мен Жәнібекке дейінгі жолды күрделі жөндеу жұмыстарын 2019 жылы мамыр айында бастау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік жол құрылысына қомақты қаржы бөлуге дайын. Жоба мерзімі әрі кеткенде үш жылдан аспайды. Биылғы жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттар жасалып, алты лоттан тұратын тендер жарияланбақшы.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасы БҚО-ға жұмыс сапары кезінде Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданына жол салуға тапсырма бергенін, соған сәйкес қаржы қаралып, мердігерлер белгілі болғаннан кейін жұмыстың кешіктірілмей басталатынын жеткізді.

Қазіргі таңда Қазталов ауданының орталығы Қазталовқа дейінгі 35 шақырымдық жол салынуда. Бұл мақсатқа 300 млн теңге қаралып, жұмысты "Uniserv" ЖШС атқарып жатыр.

Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары барысында Орал халықаралық әуежайын жаңғырту, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолын күрделі жөндеу барысымен танысты. Ұзындығы 100 шақырымдық Орал-Тасқала жолына Ұлттық қордан 23,2 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған болатын. Бұл жолды "Uniserv" ЖШС жыл аяғына дейін бітіруді көздеп отыр.

Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытында салынып жатқан жол құрылысымен танысқан министр сала мамандарының қатысуымен өңірдегі автокөлік жолдарын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Айта кетейік, Орал мен Орынбор бағытында Ресей шекарасына дейінгі 144 шақырым жолды күрделі жөндеу де қолға алынбақшы. Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкіметтен қаржы бөлінеді. Биыл жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, екінші санатты төрт жолақты жол құрылысы 2019 жылы басталады.

Орал-Тасқала-РФ шекарасы, Орал-Чапаев-Қазталов-Жәнібек, Орал-Орынбор жолдарының халықаралық маңызы да ерекше, бұл Ресейдің көршілес облыстарымен барыс-келісті жақсартып, қатынасты нығайтады. 

Соңғы жаңалықтар