Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салынады

None
None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы жылдары Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салынады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Елбасы жуырда БҚО-ға жұмыс сапары барысында шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесе отырып, жұмыс комиссиясын құрды.

Құрамына министрліктің Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰК», «ҚазЖолҒЗИ» АҚ және облыс әкімдігінің өкілдері енген комиссия Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында болып, жолдың жай-күйімен танысты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновпен, үш ауданның басшыларымен, жергілікті тұрғындармен кездесулер болып, олардың ұсыныстары тыңдалды.

Қазталов-Жәнібек-Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы жалпы ұзындығы 300 шақырымдай жолды салу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттама жасалады. Келесі жылы жол құрылысы басталады. Оны шамамен 2021 жылы аяқтау көзделуде.

Қазіргі таңда Чапаев-Қазталов бағытындағы жолдың салынып жатқаны белгілі. Қазталов ауданы орталығына дейінгі жолды «Юнисерв» компаниясы 2019 жылы бітіреді.

Құрылыс кезінде жол бойында автотұрақ және басқа қызмет көрсету кешендері салынады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың ұсыныс-пікірлері ескеріледі.

Ең алдымен Чапаев-Қазталов-Жәнібек жолдарын салып бітірген кезде Ресейдің Астрахан, Волгоград облыстарына тікелей шығуға болады. Бұл жолды қысқартумен қатар көлік қозғалысына да тың серпін береді. Қазірдің өзінде Жәнібек ауданындағы Ресеймен шекарадағы өткізу бекетінің мәліметі бойынша күн сайын 250-300-дей, соның ішінде 30-дан астам жүк көліктері өтуде.

Сонымен қатар, Бөкей ордасында тарихи-музейлік кешені болғандықтан, жолдың салынуы туристік кластердің өрістеуіне септеседі.

Екіншіден, Бөкей ордасы ауданындағы Жамантаудан қиыршық тас сынамасы алынды. Ол Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтына зерттеуге жіберілді. Бұл қиыршық тас қолдануға қаншалықты жарамды, соның бәрі толықтай анықталады. Егер ол шикізат көзі пайдалануға келсе, жол құрылысының бағасы арзандап, аудандардың дамуына да септігін тигізетін болады.

-Берік Дәулетқанұлы, Елбасы өңірге сапары кезінде Бөкей ордасына туристерді апару үшін де жол салудың маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Қазақстанның қасиетті нысандарының қатарына енгізілген Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені Хан ордасы ауылында орналасқаны белгілі. Ендеше, негізгі трассадан осы ауылға апаратын 22 шақырым жолдың тағдыры не  болмақ?

-Сұрағыңыз орынды. Бұл жол жергілікті атқарушы органдардың балансында. Сондықтан бұл мәселені ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде көтеретін боламыз. Әрине, бұл жолды да салып берсек, керемет болар еді.

-Тағы бір сауал, Жәнібек ауданында шекаралық өткізу бекетіне дейінгі жеті шақырым қашықтыққа жол салына ма? Сондай-ақ бұрыннан салынып жатқан Жәнібек-Ұзынкөл аралығындағы 20 шақырым жол ше?

-Иә, өткізу бекетіне жаңадан жол салынады. Оған қоса қазіргі заман талаптарына сай өткізу бекеті бой көтереді. Алдағы уақытта Ресеймен екі ортадағы аса маңызды, көлік көп өтетін жердің бірі осы болмақ. Бұл Ресейдің көршілес өңірлерімен қарым-қатынасты жақсартып, барыс-келістің артуына әсер етеді. Сонымен қатар Жәнібек-Ұзынкөл аралығындағы жол да күрделі жөнделеді. Яғни қайтадан салынатын 300 шақырым жолдың сапасына да айрықша көңіл бөлінеді.
null

Соңғы жаңалықтар