Бөгеті бұзылған Қаратал ауылында екі үй мен бірнеше аулаға су кірді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында Ойыл ауданының Қаратал ауылында бөгет бұзылып, үй мен аулаларға су кірді. Қазір ауыл тұрғындары эвакуацияланып, мектепке орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Ойыл ауданы Қаратал ауылының халқы дабыл қағып, су кірген сәтті видеоға түсіріп, таратты. Кейін Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі оқиға орнына өңір басшысы Ералы Тоғжанов пен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев барғанын хабарлады. Жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындарды бірден эвакуациялады. Олар Қаратал ауылындағы мектепке орналастырылды.

Көп кешікпей, облыс әкімінің баспасөз қызметінен қауіп сейіліп, тұрғындар үйлеріне оралып жатқанын мәлім етті.

«Ойыл өзені көтеріліп, бөгеттің бір бөлігін бұзып кетті. Ауылға қауіп төнген соң тұрғындар эвакуацияланды. Қазіргі кезде бөгетті қайта бекіту жұмысы жалғасып жатыр. Облыс әкімінің өзі Қаратал ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Сабырға шақырып, барлық қауіпсіздік шарасы қолға алынғанын айтты. Тасқын су екі үйге ішінара кірген. 12 аулаға жайылды. Қазіргі кезде өзен суының деңгейі түсіп жатыр. Тұрғындарға қауіп жоқ. Эвакуацияланған адамдар үйіне оралуда. Ал мүлкі зардап шеккендерге көмек беріледі», - деді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Айтып өтейік, бұған дейін бұл ауылда газ құбыры тесіліп, қауіпсіздік мақсатында газ беру тоқтатылған болатын. Сонымен бірге ауылға жол жоқ. Әкімдік азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткілікті екендігін айтуда.


Соңғы жаңалықтар