Бөгенбай батыр мен Үмбетей жырау атын суарған көл жағасындағы кесене

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы Саққұлақ би кесенесі еліміздегі тарихи сәулет ескерткіштерінің бірі саналады. Кесене Ерейментау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 шақырым жерде, Қоржынкөл көлінің солтүстік-шығыс жағалауындағы ашық далада орналасқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кезінде осы көлде «Бөгенбай батыр мен Үмбетей жырау астындағы атын суарған» деген аңыз бар. Көлдің маңында əлі де зерттелмеген қорымдар бар. 
null

Ақмола облысының тарихи және мәдени мұрасы. Ескерткіштер жиынтығында кесене 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының Жиынтық бөлімімен (жетекшісі Г.Қамалова) зерттелгені көрсетілген. Қанжығалы руының биі Саққұлақ кесенені 1880 жылы өзінің үлкен ұлы Нұралы үшін салдырған. Нұралының қабіріндегі құлпытас сынығы Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау тарихи өлкетану мұражайында сақтаулы. Саққұлақ би кесенесі өлшемдері 33х140х70 см шикі кірпіштен салынған. Қасбеттерінің қырларында екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны мен бос жерлері бар сегізқырлы күмбезді көлем түрінде болды. Сегізбұрыштың оңтүстік-батыс қыры кірпіштің екі төменгі қатарына дейін бұзылған, қалған қырлардың қабырғаларының қалдықтары 2,5 метр биіктікте сақталған. Екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны ойық түріндегі кесенеге кіріс-шығыс жағынан орналасқан.

Ұрпақтарының бірінің аты жазылған ескі тастың жанындағы батыс қабырғаның маңында Саққұлақтың өзінің және екі ұлының аттарымен және өмір сүрген уақыттарымен үш жаңа қабірүсті ескерткіш орнатылған. 

Cаққұлақ би (шын аты Сәбден) (1800-1880) - Орта жүз руы Арғын тайпасының атақты биі, шешен. Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі. Шешендік өнерімен, әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болған. Жасынан зерделі де зерек өскен ол 12-13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан. Баласының қабілетін сезген әкесі Сәбденді 15 жасында кішігірім дау-дамайды шешіп келуге жұмсаған. Ол 16 жасында сол өңірде шешендік аты шыққан Байдалы бимен сайысқа түсіп, Байдалының «құлағың неткен сақ еді» деген сөзінен кейін «Саққұлақ» атанып кеткен. Оның шешендік нақыл сөздерінен елдік пен ерлік, ғылым, білім, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ой-түйіндерді байқауға болады. Басқа би-шешендердей емес, Саққұлақ би өзі айтқан билік сөздері мен басқа билердің аталы сөздерін, бағалы ойларын үнемі қағазға түсіріп жүрген. Саққұлақ бидің шығармашылығы толық жүйеленіп зерттелмеген. Саққұлақ биден жеті ұл қалған. Нұралы, Ералы деген ұлдары әкесіне тартып би-шешен болған. Саққұлақ би Қоржынкөл көлінің жағалауындағы Бөгенбай батыр ұрпақтарының қорымына жерленген. Мазарын халық шебері Рысқұл орнатқан. 2000 жылы Саққұлақ би кесенесінің қирандысына орталық композицияның сегізқырлы күмбезді саркофагы салынып, толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Соңғы жылдары кесенеге келушілердің саны артуда. Алдағы уақытта Ерейментау ауданы аумағындағы тарихи ескерткіштерге «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде туристік маршрут ашу жоспарланып отыр. Бұл маршрутқа Саққұлақ би кесенесін де енгізу көзделген. 

Соңғы жаңалықтар