Блокпостан айналып өтпек болған көлік теміржол өткелінде тұрып қалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында төтенше жағдай режимін бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ағымдағы жылдың 10 сәуірінде Степногор қаласының тұрғыны «Лексус» көлігімен карантин аумағынан шығып кетпек болған.

«Степногор-Ақсу-Мамай» тас жолының бойындағы блокпоста жол талғамайтын көліктің жүргізушісі қала аумағынан шықпау жөніндегі шектеуді ескермей, блокпосты дала жолымен айналып өтпек болды. Алайда, теміржолдың рұқсат етілмеген тұсынан өте бергенде көлік тұрып қалды. Осы кезде теміржолдың бойымен тепловоз жүріп келе жатты. Машинист дер кезінде тежегішті іске қосып, тоқтауға мәжбүр болды»,- дейді ведомстводан.

Прокуратурадан атап өткендей, көлік жүргізушісі ұсталып, үстінен ҚР ӘҚбК 476-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

«Степногор тұрғыны төтенше жағдай талабын бұзып қана қоймай, теміржол байланысы жұмысына кедергі келтіріп, өзінің өміріне қауіп төндірді. Машинистің қырағылығының арқасында аман қалды. 13 cәуірде Степногор қалалық сотының шешімімен заң бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамалды», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар