Блокпостағы жол апаты: Мерт болған полицейдің әкесі сотталушыдан 3,8 млн теңге талап етті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Блокпостағы көлік апатынан қаза тапқан полицейлердің бірінің әкесі жүргізушіден 3,8 млн теңге талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысында жол апатынан көз жұмған полиция қызметкері Дастан Әбдіқановтың әкесі айыпталушы, экс-полицей Азаматов пен оның туыстары одан кешірім сұрамағанын айтты.

Сонымен қатар, ол ұлының жерлеу рәсіміне кеткен 2,8 млн теңге мен моральдық өтемақы ретінде тағы бір миллион теңгенің орнын толтыруды талап етті.

Сотта қаза тапқан екінші полицей Жарас Жанғазиевтың жесірі де сөйледі. Ол өзінің кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін айтып, 22,8 млн теңге сұрады.

Айта кетейік, Азат Азаматовқа қатысты істі Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшекбаев қарап жатыр.

Айта кетейік, біз бұған дейін Азат Азаматовтың өз кінәсін толық мойындағанын жазған болатынбыз. Марқұм Дастан Әбдіқановтың әйелі Динара Аман апатқа кінәлі адамнан моральдық зиян келтіргені үшін 37 млн теңге өтемақы талап еткен еді.

Еске сала кетейік, 25 мамыр күні таңғы сағат 05:26 шамасында BMW маркалы көлікті тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші мас күйінде блокпостағы полиция көлігін соқты. Сол жерде екі полиция қызметкері көз жұмды.

Куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар