Блокпостағы апат: Қаза тапқан полицейдің әйелі кінәліден 37 млн теңге талап етті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Блокпостағы көлік апатынан қаза тапқан екі полицейдің туыстары кінәлі жүргізушіні кешірмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азат Азаматовқа қатысты істі Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшекбаев қарап жатыр.

Сот барысында прокурор мен қорғаушылар қайтыс болған полицейлердің туыстары мен достарынан да жауап алды.

Оқиға орнында мерт болған 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиевтің әйелі күйеуінің қазасы туралы хабарды көршілерінен естігенін айтты.

«Біз жолдасым екеуміз ата-енеммен бірге тұрдық. Жарастың әріптестері оның қайтыс болғанын алдымен көршілерге хабарлапты. Олар бізге естіртті»,– дейді жесір әйел.

Қазір ол үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы 14 жаста, қызы 10 жаста және кенжесі - 10 айлық. Ол Қалқаман ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейді. Қазір декреттік демалыста.

«Мен кінәлі адамды кешірмеймін. Ол әділ жазалансын», - деді Жанғазиевтің әйелі.

Өз кезегінде, қаза болған Дастан Әбдіқановтың әйелі Динара Аман апатқа кінәлі адамнан моральдық зиян келтіргені үшін 1 млн теңге өтемақы талап етті. Одан бөлек, асыраушысынан айырылуына байланысты сотталушы Азат Азаматовтан 36 миллион теңгеден аса қаражат өндіріп алу үшін өзінің талап арызын жазып берді.

Айта кетейік, Дастан Әбдіқановтың жалақысы жылына екі миллионнан асатын.

Сот залында айыпталушы қаза тапқандардың туыстары мен достарынан кешірім сұрады.

«Мен марқұмдардың отбасыына көмектескім келеді. Кешірім сұраймын. Олар менің әріптестерім болды. Алты жыл бойы бірге жұмыс істедік. Жақсы араластық. Мен жасаған ісіме қатты өкінемін және қолымнан келгенше көмектесуге дайынмын», - деді Азаматов.

Сондай-ақ, ол 1 миллион теңге көлеміндегі моральдық зиянды өтей алатынын мәлім етті. Сонымен қатар, дәл қазіргі уақытта 36 миллион теңгені беруге дайын еместігін жеткізді. Ол нақты жауапты келесі сот отырысында береді.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Азат Азаматовтың өзі кінәсін толық мойындағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар