Блогерлерге неге сенуге болмайды - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Кедейлік генмен беріледі - Suomen Kuvalehti
null

Финляндияның Suomen Kuvalehti атты танымал басылымы кедейліктің ұрпақтан-ұрпаққа тарайтынын жазды. Мақалада айтылғандай, бұл тұжырым ғалымдар зерттеуінен кейін жасалған.

«Кедейлік - ақшаның жоқтығы емес. Кедейлік адам ағзасының химиялық құрамын өзгерте алады. Финляндия мен Ұлыбритани ғалымдарының бірлесіп жүргізген зерттеулері кедейліктің ми мен адамның барлық ағзасына әсер ететінін дәлелдеді», деп жазады басылым. Автордың айтуынша, ғалымдар кедей халықтың өмір сүру ұзақтығы төмен және түрлі ауруларға жиі ұшырайтынын айтқан.

«Хельсинки университетінің биолог-эволюционисі Эмма Витикайненнің айтуынша, қаржылық жағдай адам ағзасына тікелей әсер етеді. Доцент басқарған зерттеу барысында анықталғандай, бұған олардың ұстанатын өмір салты себепші болуы мүмкін. Мысалы, Финляндия мен Ұлыбританиядағы кедей халық дұрыс тамақтанбайды, спортпен шұғылданбайды, темекі мен алкоголь өнімдерін көп тұтынады», деп жазады автор. Мақалада ғалымдар адам өміріндегі қаржылық қиындықтар ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін айтқан.

«Ғалымдар 157 мың адам туралы мәліметтерді сараптап көрді. Мамандар анықтағандай, ата-ананың білімсіздігінен бала да сол жолда қалады. Ата-анасы жұмыссыз болса, балаларының өмірі де қаржылық қиындықтарға толы болады. Яғни, «кедейлік мәдениеті» ұрпақтан-ұрпаққа беріледі», деп жазады автор. Оның айтуынша, кедейлік адам миының құрылымын өзгертіп, жалпы ағзаға әсер ететіндіктен, кедейліктен құтылу қиынға соғады.

«Кедейлік биологиялық тұрғыда да адамға қатты әсер етеді», дейді Витикайнен.

Климаттың өзгеруі адамзаттың көбеюіне қалай әсер етеді - Environmental Research Letters

null

Канада, АҚШ пен Италия ғалымдарынан құралған халықаралық зерттеу тобы климат өзгерісі демографияға қалай әсер ететінін анықтады. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері Environmental Research Letters журналында жарияланды.

«Жақында Стэнфорд университетінің зерттеушілері 1961-2010 жылдар аралығындағы жаһандық жылыну кедей мемлекеттердегі жан басына шаққандағы ЖІӨді 17-30 пайызға азайтып жібергенін анықтаған болатын. Ал енді Уильямс колледжі мен Еуропалық қоршаған орта экономикасы институтының мамандары климат өзгерісінің экономико-демографиялық ахуалға әсерін зерттеді. Ғалымдар климаттың өзгеруі ауылшаруашылық тауарларының азаюына алып келетінін анықтады. Сондай-ақ еңбек моделі өзгеретіндіктен, отбасындағы балалар санының артуы мүмкін екенін айтты», деп жазады басылым.

Зерттеу авторларының бірі Грегори Кейсидің айтуынша, зерттеу тар ауқымда жүргізілген, дегенмен жаһандық жылынудың демографияға әсерін толық анықтау үшін тағы да зерттеу жүргізу керек.


Фани циклоны: Үндістанда миллиондаған адам эвакуацияланды - ВВС

null

Үндістаннң шығысында қуатты циклон болып, нәтижесінде толассыз жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы сағатына 200 шақырымға жетті. ВВС басылымының жазуынша, Фани циклоны Үндістанда соңғы жиырма жылдағы ең үлкен циклон саналады.

«Циклон кесірінен Үндістанның шығысындағы Орисса штатынан бір миллионнан астам адам эвакуацияланды. Мемлекет өкілдерінің хабарлауынша, екі адам көз жұмған. Синоптиктердің мәліметінше, тағы бірнеше ауданда қатты дауыл тұрады», деп жазады басылым. Автордың жазуынша, Үндістан премьер министрі Нарендр Моди төтенше жағдайға көмек көрсету жұмыстарына 140 млн доллар бөлінетінін хабарлады.


Жаңалықтардың таралу жылдамдығы артты - Vox
null

Соңғы күндері бүкіл әлем бойынша «Тақтар ойыны» туралы жаңалық кең таралды. Vox басылымының жазуынша, жаңалықтардың таралу жылдамдығы қаншалықты артса, олардың ұмытылуы да соншалықты тез болады.

«Дания техникалық университетінің компьютерлік ғылым профессоры Суне Лемани соңғы бірнеше жыл бойы жүргізген зерттеу нәтижелерін Nature Communications журналында жариялады. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамда адам назарын ұзақ ұстап тұру мүмкін болмай бара жатыр. Ал танымал тақырыптар жылдам көзден таса болады», деп жазады басылым.

Автордың жазуынша, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн ортаның жылдам дамуы адам құндылықтарын қабылдауға әсер еткен.

«Бүгінгі таңда шу шықса, саясаткерлердің өзі уақыт керектігін айтады. Бұған бір ғана себеп бар - бүгін шудың шығуына әсер еткен тақырып бірнеше күннен кейін мүлдем ұмытылады», дейді автор. Оның жазуынша, көп адамның көңілін өзіне аударатын тақырыптар көңілде ұзақ уақыт сақталмайды.

«Мысалы, танымал фильмге билеттер жылдам сатылып кетеді. Дегенмен, ол фильм ұзақ уақыт танымал болып тұрмайды. Бұған тек заманауи технология ғана әсер етпеген. Әрине, жаңалықтың жылдам таралуына технологияның әсері зор. Дегенмен, алдымен бұл тенденция контенттің көптігіне байланысты туындайды», - дейді зерттеушілер. Олардың айтуынша, компаниялар әртүрлі құралдарды пайдалана отырып жарнама мен контен арқылы көп адам назарын аудара алады.

«Бүгінгі таңда адамдарды құралдар басқарып кетті. Олар қай жаңалыққа көңіл бөлу керек екенін өз еріктерімен шешіп жатқан жоқ», - дейді Висконсин университетінің неврологы Ричард Дэвидсон.

Блогерлерге неге сенуге болмайды - Daily Mail
null

«Бүгінге блогерлердің барлығы халыққа ақыл айтумен айналысып кетті. Не ішіп, не жеу керек, не кию керектігіне дейін кеңес беретін болды. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сенсек, танымал блогерлердің көбі жалған ақпарат береді», деп жазады Daily Mail басылымы.

Автордың айтуынша, Глазго университетінің мамандары зерттеу жүргізіп, танымал он блогердің тек біреуі ғана дұрыс ақпарат беретінін анықтады.

«Зерттеу барысында Ұлыбританиядағы ең танымал блогерлердің әлеуметтік желілердегі парақшалары сарапқа салынды. Олардың ішінде тек біреуінің ақпараттары шындыққа жанасатыны анықталды», деп жазады басылым.

Ғалымдардың айтуынша, танымал блогерлер өздері тарататын ақпараттарға мұқият болып, әр сөзіне жауапкершілікпен қарауы керек.

Соңғы жаңалықтар