БҚО журналистері коронавирус екпесін салдырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының журналистері коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық №1 емханада екпе алғандардың арасында республикалық және өңірлік газеттердің, сондай-ақ телеарналардың тілшілері мен қызметкерлері бар.

«Жайық Прес» ЖШС-ға қарасты облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықованың айтуынша, екпе алғаннан кейінгі жағдайы қалыпты.

«Қазіргі таңда індет өршіп тұр. Сондықтан үнемі алдыңғы шепте жүретін журналистерге екпе алу қажет деп ойлаймын. БАҚ қызметкерлерінің алдыңғы легі қатарында тек біздің редакциядан төрт адам вакцина салдырды. Алдағы уақытта екпе аламын деп тілек білдіріп отырғандар баршылық», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Р.Сыйықова.

БҚО денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 1 ақпаннан бері өңірде 21 745 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырса, соның 5 208-і – медицина қызметкерлері, 3 934-і – педагог, 1 695-і – құқық қорғау органдарының, 10 908-і – басқа сала өкілдері.


Сонымен қатар бүгінге дейін 4 117 адам вакцинаның екінші компонентін салдырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 463 адамнан коронавирус анықталғанын, инфекциялық стационарда жатқандар саны 580-ге жеткенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар