БҚО: «Жасотандықтар» жеңіс сарбазына құрмет көрсетті - ФОТО

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-да «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында партияның Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева және "Жас Отан" ЖҚ белсенділері Ұлы Отан соғысының ардагері Қаматай Сарбөпеевтің үйінде болып, биыл атап өтілетін мерейлі мерекесімен құттықтады.

«Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалынан түскен мәліметке қарағанда, биыл Қаматай қария үшін ерекше жыл. Ең алдымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланатын жыл. Екіншіден, жеңіс сарбазы өзінің тоқсан жылдығын атап өтеді.

Қ.Сарбөпеев 1925 жылы ауданның Мерген ауылында дүниеге келген. Ол 1-Беларусь майданында Польшаны азат ету ұрыстарына қатысады. Германия жеріндегі шайқаста аяғынан ауыр жарақат алып, Тамбов қаласында госпитальде ұзақ емделуге тура келеді. 1947 жылы елге оралады. I дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше мерекелік және жауынгерлік медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Отан үшін от кешкен батыр атамен жүздесуге қатысқан «жасотандықтар» үй шаруашылығы жұмыстарына қолғабыс қылды.

Елбасы тапсырмасына сәйкес мұндай жұмыстар Орал қаласы мен облыс аудандарында жыл бойы жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар