БҚО тұрғыны киік мүйізімен ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғыны киік мүйізімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мәліметіне қарағанда, оқиға 3 ақпан күні Жәнібек ауданы аумағында болған.

Аталған мекеме инспекторлары сағат 00.05 шамасында Күйгенкөл ауылдық округі Құрсай елді мекенінде атпен жүрген азаматты қолға түсірді.

Оның «Nike» деген жазуы бар спорттық қызыл-қара түсті сөмкесінен 12 дана киік мүйізі табылды.

Оқиға орнына Жәнібек ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақырылды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігіне сәйкес (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мүйіздері кесілген 50-ге жуық киік ұшасы табылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар