БҚО тұрғындары салыққа 358 млн теңгеден астам қарыздар

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 32 670 тұрғын салыққа 358,8 млн теңге қарыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 279,3 млн теңгесі немесе 77 пайызы көлік салығына тиесілі.

Департамент басшысының айтуынша, 2 қазаннан бастап борышкерлерге жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарлама жіберілетін болады.

Хабарлама тапсырылған соң отыз жұмыс күнінен кейін салық төленбесе, 1 АЕК-тен астам берешекті мәжбүрлеп өндіру туралы салық бұйрығы жіберіледі, ол 5 жұмыс күнінен кейін жеке сот орындаушыларына беріледі.

Бұл ретте жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюды айтпағанда, берешек сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша төлем өндіріп алады. Сондықтан артық шығындарға ұрынбау үшін мүлік салығын уақтылы төлеу қажет.

Б.Айнабековтің сөзіне қарағанда, салықты e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары және екінші деңгейдегі банктер, «Электронды үкімет» порталы, банк бөлімшелеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол, сондай-ақ банк карталарымен төлеуге болады.

«Облыс бойынша барлығы 210 634 жеке тұлға тіркелген, олардың меншігінде 258 703 салық салу нысаны бар. Өткен жылы мүлік және жер салығы 471 млн теңге көлемінде есептелді. Күні бүгін 153 131 адам немесе салық төлеуі тиісті тұрғындардың 72,7 пайызы төлем жасады. Олардан бюджетке 342,5 млн теңге түсті. Жылжымалы және жер телімі меншік иелерінің мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады. Сондықтан осы мерзімге дейін төлеп үлгеру керек», деді Б.Айнабеков.


Соңғы жаңалықтар