БҚО: Төтенше жағдай жарияланған Казталов ауданында қауіп сейілген жоқ

None
Фото: Қайрат Жақып
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Казталов ауданында ағын судың алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, Қараөзен мен Сарыөзенге 9 наурыздан бері Ресей аумағынан тасқын су жіберіле бастады.

«Қазсушар» РМК Батыс өңірлік филиалының мәліметтеріне сәйкес Саратов облысындағы Варфоломеев су қоймасынан Сарыөзенге секундына 22 текше метр су жіберілуде.

Сарыөзен бойындағы елді мекендерге қауіп жоқ. Қараөзеннен қауіп бар. Ресейдің Приузенск су қоймасынан 13 наурыз күні секундына 110, кеше 200, бүгін 260 текше метр су жіберілуде. Соның әсерінен Қараөзенде су деңгейі өсіп отыр.



Аудан басшысының сөзіне қарағанда, әсіресе, Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында қауіп басым. Тасқын судың алдын алу үшін Казталов ауданы әкімдігі жанынан құрылған төтенше жағдайлар жөніндегі шұғыл әрекет ету штабы аудандық ТЖ бөлімімен және Жалпақтал ауылдық округі әкімдігімен бірлесе тиісті жұмыстар атқаруда. Қараөзен бойындағы Ғайса, Мәнти, Жиеш, Құлақ бөгеттері аршылып, Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында суға кетуі мүмкін көшелердің іргелерін, өзен жағалауларын, дамбыларды көтеру, бекіту жұмыстары жүргізілуде.



Өзен бойындағы судың да деңгейі күнбе-күн өлшенуде. Атап айтқанда, соңғы тәулікте Қайыңды ауылы жанынан өтетін Қараөзенде судың деңгейі 738 сантиметрді құрап, өзен арнасы 72 см көтерілсе, Жалпақтал ауылында 730 сантиметрге жеткен. Өзен суы сағат, тәулік санап өсу үстінде. Жағдай қатаң бақылауда. Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында кезекшілік ұйымдастырылып, қажетті техникалар тынбай қызмет жасауда.

Тасқын судың алдын алу жұмыстарына Маңғыстау облысынан төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінен 15 қызметкер көмекке келді.

«Қазіргі таңда су Жалпақтал ауылындағы Автобаза бөгетінен асып ағуда. Жалпақтал-Жаңажол бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолдың үстінен су асып кетті. Дегенмен, екі ауыл арасындағы қатынас үзілген жоқ. Қараөзеннен шыққан су Шақат өзеніне құйылып жатыр. Жағдай қалыпты болғанымен, қауіп сейілген жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Р.Зұлқашев.



Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанның Бәйтерек ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Ақсай қаласында үйлерге су кіріп, 13 адам эвакуацияланды.

Оралда су басу қаупіне байланысты Маштаков ауылынан тұрғындар көшірілді.

БҚО-ның Қаратөбе ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Батыс Қазақстанда 50-ден астам тұрғын үй суда қалып қойды.









Соңғы жаңалықтар