БҚО Тілдерді дамыту басқармасына жаңа басшы келді
2021 жылғы 18 қараша 20:24

БҚО Тілдерді дамыту басқармасына жаңа басшы келді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Конкурстық комиссияның шешімімен Ерлан Ғалиев Батыс Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Ерлан Ерсайынұлы 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін қазақ тілі мен әдебиеті, экономика мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Жалпақтал ауданында Ғ.Молдашев атындағы, Орал қаласында №41 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, №19 орта мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болды. Сондай-ақ Орал қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жұмыспен қамту орталығы» ММ директоры, қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмыстары және мемлекеттік қызмет көрсету мониторинг бөлімінің басшысы – қала әкімі аппараты басшысының орынбасары, Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, БҚО әкімі аппараты стратегиялық даму бөлімінің басшысы болып жұмыс жасады.

Күні бүгінге дейін Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО қаржы басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған болатынбыз.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT