БҚО театрында Жұбанның 100 жылдығына орай жаңа премьера қойылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай «Жұбан» спектаклі қойылмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Театр директоры Салтанат Әбілғазиеваның брифингте мәлім еткеніндей, бұл Жұбан ақынға арналған республикадағы бірінші қойылым болмақ.

«Жұбан туралы қойылымға дайындық бастамас бұрын ақынның туған жері – Ақжайық ауданы, атап айтқанда, Сайқұдық, Қурайлысай ауылдарына сапар шегіп келдік.

Жұбан жүрген жолдармен жүріп, ақынның бейнесін, өмір жолын жан-жақты ашуға септігін тигізер деректермен таныстық, зерттеу жүргіздік. Ақынды білетін адамдармен тілдесіп, естеліктерін тыңдадық», деді театр директоры.

Оның сөзіне қарағанда, қойылым Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың туындысы негізінде «Жұбан» бір актілі поэтикалық драмасы жанрында ұсынылмақшы.

Спектакльді сахналайтын – Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, Ә.Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай республикалық театрлар фестиваліне Ермек Аманшаевтың «Дауыс немесе Дау іс» абсурдтық спектаклімен қатысып, «Шығармашылық жетістіктері үшін» номинациясының лауреаты атанған Гауһар Адай (Манғұлова). Қоюшы және костюм жөніндегі суретшісі – Еуразия дизайнерлер одағының, Еуразия шығармашылық гильдиясының (Лондон), ҚР Суретшілер одағының және Women халықаралық ұйымының мүшесі, Кипр заманауи өнер музейінің «Күміс кілт» иегері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрының суретші-декораторы Гүлдана Жұрқабаева.

Жаңа қойылымда бәрі де жаңаша болмақ. Спектакльге қажетті костюмдердің дені жаңадан тігілді.

«Айта кету керек, барлық карантиндік шара қатаң сақталады.

Театрдағы көрермен залы – 310 орындық. Алайда зал толы көрермен жиналмайды. Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл қойылымның премьерасы аздаған адам жиналатын жабық көрсетілім форматында өтеді. Залда карантиндік талапқа сай арақашықтық сақталады.

Медициналық қорғаныш құралдары, антисептиктермен қамтамасыз ету қарастырылды. Ал облыс тұрғындары Жұбан қойылымын «AQJAIYQ» телеарнасы арқылы тікелей эфирде немесе монтаждалған түсірілім нұсқасында көре алады», деді С.Әбілғазиева.

Бұл Гауһар Адайдың облыстық қазақ драма театрына бас режиссер болып кіріскеннен бергі сахнаға жол тартатын алғашқы қойылымы болмақ.

Оның айтуынша, спектакль шовинизм белең алып тұрған тұста тұтас әлемге «Мен қазақпын!» деп жар салған ақын Жұбанның өмірдастанын, жанынан бір елі қалмай, асқақ кейпін сақтауына сеп болған ақынның рухын суреттейді.

«Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың тарихи кезеңі мен қоғам қайраткерінің бала жастан дана жасқа дейінгі жүріп өткен жолы егіз өріледі.

«Қойылым Жұбанның Колбин алдында шыңғыртып тұрып шындық айтатын, туған халқы үшін ұлттық державаға қасқайып қарсы шығатын жиналыс сәтінен бастау алады.

Ақын бойына дарыған батырлықтың бастауы, өзгелерден оқ бойы озық тұруының сыры, асқақ рухының түпнегізі балалық және бозбала шағымен, ересек өмірмен астасып сипатталады», деді Г.Адай.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы өтетінін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар