БҚО театрында «Мұқағали, Нұрғиса» драмасы сахналанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Мұқағали, Нұрғиса» драмасының (авторы Нартай Сауданбекұлы) премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойылымды Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналаса, суретшісі - Мұрат Мәмбетов.

Оқиға қазақтың біртуар тұлғалары, композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Мұқағали Мақатаевтың арасында өрбиді. Мұқағалидай інісінің қажып жүрген кезіне тап болған Нұрғиса оны үйіне ертіп әкеліп, қамқорлайды. Екеуінің шығармашылық байланысы нәтижесінде мәңгі өлмейтін әндер туады. Арасында өлең түріндегі монологтармен, әндермен өрнектеліп отыратын драма барысында қос тұлғаның ширыққан сәттері көрініс тапқан. Спектакль Мұқағали композиторға аманаттап кеткен «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне ән жазумен түйінделеді.

Нұрғисаны түр-сымбаты, қимыл-қозғалысына дейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұратов келтірсе, Мұқағалидың қиналысы мен жан тебіреністерін театрдың тағы бір белді актері әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов жеткізе білді. Нұрғисаның жары Дариғаны Ақмарал Амандықова сомдаса, Салауат Түменов ақын өлеңін пір тұтатын милиционер кейпінде көрінді.

Премьераны Ақ Жайық көрермендерімен бірге драма авторы, актер Нартай Сауданбекұлы, белгілі кино және театр актері Қуандық Қыстықбаев тамашалады.

БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев Х.Бөкеева атындағы театрда ақын-жазушылар, әнші-композиторлар өмірі мен шығармашылығын арқау еткен қойылымдардың алдағы уақытта да сахналатынын жеткізді.

«Хадиша Бөкеева - менің ұстазым, Алматы мемлекеттік көркем сурет институтында актерлік шеберлік жөнінде сол кісіден дәріс алғанмын. Оның үстіне өзім Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұштым, сондықтан Хадиша Бөкеева театры мен үшін айрықша ыстық. Мұнда Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұратовтай аға буын өкілдері бастаған ұрпақтар сабақтастығы керемет үйлесім тапқан. Сондықтан театр ұжымы қандай дүниені де алып шыға алады. Бұған дейін Оралда америкалық драматург Вина Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасы мен Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» сахналасам, бұл - үшінші туындым. Ең бастысы, елдің көңілінен шықса, одан артық баға жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Нұрлан Жұманиязов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Х.Бөкеева атындағы БҚО театрының жаңа маусымы Иран-Ғайыптың «Абай» («Мен ішпеген у бар ма?..») реквиемімен ашылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар