БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жаңа басшы келді

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Әділхан Сабыров БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа басшы БҚО әкімдігінде өткен облыс активінде таныстырылды.

Әділхан Сабыров Нұрлан Қыдырбаевты алмастырды. Ол 2022 жылдың наурызынан бері аталмыш департаменттің басшысы қызметін атқарған еді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен алынған мәліметке қарағанда, Ә.Сабыров 1983 жылы 4 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Алматы заң академиясын 2005 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Сондай-ақ 2021 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған, мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша академиялық дәреже берілді.

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

2005-2018 жылдар аралығында прокуратура органдарында түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2018-2019 жылдары – Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті тергеу басқармасының басшысы.

2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

2022 жылғы тамыздан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы болды.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар