БҚО соттары татуластыру арқылы 170 істі тоқтатты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының соттары жыл басынан бері татуласу рәсімдерін қолдану арқылы 170 азаматтық істі тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жүзбе-жүз сөйлесу арқылы ымыраға келу дауласушылардың өзара тиімді шешім қабылдауына көмектесті.

Соның нәтижесінде 25 татуласу келісімі, 144 медиативтік және дауды партисипативтік процедура тәртібімен реттеу туралы 1 келісім жасалды.

Мысалы, Тасқала аудандық сотында еркін жайылыста жүрген 4 жылқының жоғалып кетуі салдарынан келтірілген 1,4 млн теңге материалдық залалды өндіріп алу жөніндегі дау реттелді. Әңгімелесу барысында тараптар медиативтік келісім жасауға келісті, сол бойынша жауапкер малды қайтарып беруге міндеттенді, ал талапкер қойған талаптарынан бас тартты.

Осыған ұқсас дау Қазталов ауданының №2 сотында да шешімін тапты. Жауапкердің кінәсі бойынша талапкердің 10 қой мен 7 бас ірі қарадан айырылып қалғаны анықталды. Талапкер 1,7 млн теңгенің өндірілуін талап етті. Сот отырысында тараптар өзара тиімді шешім қабылдай отырып келісімге келді.

Нақ сол сотта жауапкердің қорлауы және интернетте бейнежазбаны таратып жіберуі салдарынан келтірілген моральдық зиян үшін 1 млн теңге өндіріп алу туралы іс бойынша да келісім жасалды. Сот тараптар қол қойған медиативтік келісімді бекітті, іс тоқтатылды.

Сонымен қатар көптеген азаматтық істер Орал қалалық №2 сотының қарауында жатыр. Бұлардың саны күн сайын көбеюде. Мәселен, биылғы 3 қаңтардан 1 ақпанға дейінгі мерзімде алименттерді, ақша займдарын өндіріп алу туралы, некені бұзу, мүлікті бөлу, залалды өтеу, шарттық міндеттемелер мен еңбек даулары бойынша судья-татуластырушыларға 192 арыз түсті. Жанжалға қатысушылардың келіссөзге келуі, проблемалар мен келіспеушіліктерді түсіне білуі тараптардың дауды шешудің тиімді жолын таңдап алуына септесті. Нәтижесінде судьялар 17 татуласу, 80 медиативтік келісімін бекітті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да елімізде алғашқы болып билер кеңесі туралы ереже қабылданғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар