БҚО шаруалары Астанаға 120 тонна ауыл шаруашылық өнімін әкелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға 120 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеген Батыс Қазақстан облысының керуені келіп жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Elorda Info-ға сілтеме жасап. 

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жәрмеңке бүгін және ертең «Қазақстан» спорт кешенінің тұрақ аймағында өтеді.  

«Батыс Қазақстан облысы астаналықтарға 32 тонна жылқы және сиыр еті, 10 тонна қалбырдағы өнім, 16 тонна ет және шұжық өнімдері, 10 тонна ұн мен жарма өнімдері, сондай-ақ бір тонна өсімдік майы, 10 тонна балық, 2,3 мың литр квас, шырын секілді сусындар мен 1 тонна кондитер өнімдерін ұсынады», - дейді Батыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин.

Елорда тұрғындарының азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау үшін жәрмеңке сенбі және жексенбі күндері өткізіледі. Ондағы тауар бағасы қала базарларындағы бағадан төмен болады.

«Біздің ауданның кәсіпкерлері жыл сайын жәрмеңкеде өздерінің өндірген тауар өнімдерін әкеліп сатады. Бұл жолы тоғыз ұйым тауарларын сатпақ. Барлығы табиғи және таза өнімдер», - деді Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Дүйсен Залмұқанов.

Жәрмеңкеде орташа баға бойынша сиыр еті - 1400, жылқы еті - 1600, ет және шұжық өнімдері - 1500, балық  - 700, сусындар - 110, өсімдік майы - 370, кондитерлік өнімдер - 300-1500 теңге аралығында сатылады.

Айта кетейік, бұған дейін қалада Түркістан ме Қарағанды облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткен болатын.

«Елордада өңірлердің өткізетін жәрмеңкесінің қала тұрғындары үшін орны бөлек. Жәрмеңкенің бағасы төмен әрі қолдан өндірілген өнімдер болады. Биылғы жәрмеңкелер елорданың 20 жылдық мерейтойына арналады. Мұндай шаралар Астанананың азық-түлік белдеуінің жүктемесін біршама азайтады», - деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Руслан Идрисов.

Бұған қоса, жәрмеңкеде астаналықтардың назарына ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек екі күн бойы түрлі концерттік бағдарламалар ұсынылады.

 

Соңғы жаңалықтар