БҚО сайлаушылары дауыс беруге отбасымен келіп жатыр

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында кезектен тыс президент сайлауында дауыс беру қалыпты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім еткеніндей, өңірдегі барлық 505 сайлау учаскесінде дауыс беру уақтылы басталды.

Оның сөзіне қарағанда, сайлаушылар арасында алғашқы рет дауыс берушілер, отбасымен келіп жатқандар бар.

Айталық, Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында Ақжайық аграрлық техникалық колледжіндегі №26 сайлау учаскесіне Айтуаровтар отбасы келіп, дауыс берді. Отағасы Ғалым мен оның зайыбы Мұхсина зейнеткерлер болса, бала-келіні Болат пен Жансая ата-анасымен бірге тұрады.

«Биылғы президент сайлауының маңыздылығы жоғары екендігін түсінеміз. Сондықтан отбасымызбен келіп, алғашқылардың қатарында өз таңдауымызды жасадық», деді Ғалым Айтуаров.


Орал қаласындағы Х.Доспанова атындағы №30 мектепте орналасқан №435 сайлау учаскесінде сайлаушылар таңнан келіп, дауыс беріп жатыр.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлшат Бисенғалиеваның айтуынша, мұнда барлығы 2964 сайлаушы тіркелген.

«Сайлаушылар белсенділігі жақсы. Әсіресе, жасы биыл 18-ге толған Диана Ереш ерте келіп, өз даусын берді. Оған шағын сыйлығымызды табыс еттік. Сондай-ақ зейнеткерлер Жаңыл Тоқмамбетова, Нұрсұлу Сейфуллиналар бірінші болып өз таңдауларын жасады. Үш байқаушы дауыс беру барысын қадағалауда. Сайлау учаскесі бойынша 64 алғашқы дауыс беруші болса, 28 адам үйлерінен дауыс беруге өтініш берді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Гүлшат Ақылбекқызы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 443 мыңға жуық сайлаушы тіркелгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар