БҚО: Отандық тауар өндірушілерге бұдан былай да қолдау көрсетілетін болады (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Отандық тауар өндірушілерге бұдан былай да қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтің қатысуымен өткен БҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлім етілді.

Жиында Тимур Құлыбаевтың атап өткеніндей, әлемдік дағдарыстың салқыны Қазақстан экономикасына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, мұндай күрделі кезеңде ел экономикасын бірқалыпты ұстау бағытында ҚР Үкіметі дағдарыстың алдын алу шараларын жүзеге асырып, теңгені құнсыздандырмау бағытында бар жағдайды жасауда. Бұл ретте Елбасы тапсырмасы бойынша ең бірінші кезекте республикалық бюджетті үнемдеу қолға алынды. Ел бюджеті қайта қарастырылып, кейбір салаларға бөлінген қаржы-қаражат мөлшері қысқартылғаны белгілі. Бірақ әлеуметтік сала мен кәсіпкерлерді қолдауға жұмсалатын қаражат көлемі кеміген жоқ.

Ең басты мәселе отандық өндірісті қолдай отырып, индустрияландыру картасы аясында қолға алынған озық жобаларды жүзеге асырып, олардың игілігін ел болып көре білуде. Бұл сапар мақсаты да осы - кәсіпкерлермен ақылдасып, түйткілді мәселелерді талқылап, алдағы атқарылар істерді нақтылап алу. Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыс әкімдігінің өңірдегі кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс жасап, кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтса, БҚО кәсіпкерлер палатасының төрағасы Кеңес Әбсатыров саланың дамуы мен индустрияландыру картасы жобаларының жүзеге асырылу барысы жөнінде баян етті. Жергілікті кәсіпкерлер атынан сөз алған «Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно, «Жайық ет» ЖШС басшысы Темірғали Ескендіров жұмыс барысында, соның ішінде мемлекеттік сатып алуға, мемлекеттік бағдарлама аясында демеуқаржыландыруға байланысты туындап отырған мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мемлекеттік сатып алуға қатысты техникалық талаптардың қайта жасалып, қазір оның Мәжілісте қаралуда жатқанын, Ресей рублінің құлдырауына байланысты көрші елден енуі мүмкін сапасыз және контрафактілік өнімдерге тосқауыл қойылатынын, отандық бизнесті қорғау қадамдары алынып, бұл бағытта да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар