БҚО оркестрі Әзербайжан елінде концерт қойды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Жастар шығармашылығы орталығы жанындағы Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі өнер сапарымен Әзербайжан елінде болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оркестр алдымен Шеки қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Жібек жолы» Х халықаралық музыка фестиваліне қатысты.

Содан кейін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, дирижер Қанат Ахметовтің басқаруымен оркестр Баку қаласында Рашид Бейбутов атындағы Әзербайжан мемлекеттік музыкалық театрында «Ұлы дала шерткен сыр» атты концерттік бағдарламасын қойды.

Сапар мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты арнайы жобасы аясында шет елде қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттау еді.

Концерт барысында домбыра, қылқобыз, прима-қобыз және басқа халықтық аспаптарда ойнайтын оркестр музыканттарының орындауында халықтың дәстүрлі әндері мен өзге де озық туындылар көрермендер назарына ұсынылды.

Оркестрдің сүйемелдеуімен, мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа» мен «Балбырауын», Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық» күйлерін және А.Қоразбаевтың «Сары дала» әнін домбыра аспабында Ақылбек Бектасов орындаса, халық әні «Илигай», А.Зацепиннің «Песня о весне» әнін Ақсұлу Жұмалиева шырқады. С.Бәйтерековтың «Кішкентай» атты шығармасын флейтада Владимир Шутарев, Е.Үсеновтың «Күзгі әуен» күйін Мөлдір Жалмұхамбетова, Е.Брусиловскийдің «Шегенің ариясы» мен Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін Ернар Өмірәлі орындап берді. Көрермендер сондай-ақ белгілі әнші Жаңылсын Хасанова, Ақсамал Қанатқалиева, Надежда Ильминева сынды орындаушылардың өнерін де жоғары бағалады.

Концертті түркі тілдес 12 елдің мемлекеттік хатшылары мен өнер сүйер өкілдері тамашалады.

Шара соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестріне ықылас гүлін сыйлап, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық әртістердің Аустрияда өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.

Бірқатарәртістерге ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, өнер майталманы Дүйсен Қасейінов алғысхат табыс етті.

Соңғы жаңалықтар