БҚО оқушылары қызмет сапасын адамның түр-әлпетінен анықтайтын жүйе жасады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының жобалары Алматы қаласында өткен «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық конкурсында үздік деп бағаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық байқауда Қазақстан ғана емес, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа елдерден келген қатысушылар өз жобаларын таныстырды.

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мәліметіне қарағанда, 11-сынып оқушысы Ержан Жамашев пен 10-сынып оқушысы Данияр Жарқынұлы «Компьютерлік бағдарламалау», ал 9-сыныпта оқитын Эламир Қадырғалеев «Жабдықтарды басқару жүйесі» секцияларында алтын медаль иеленді.

Ержан мен Даниярдың бірлескен «Mojidet» жобасы - қызмет көрсету сапасын анықтаудың автоматтандырылған жүйесі. Арнайы камераның көмегімен тұтынушының көңіл-күйін білуге болады. Жас бағдарламашылардың айтуынша, аталған жобаны мектеп оқушыларынан құралған команда дайындады.

«Жазда акселерациялық бағдарламаға өтінім бермекпіз. Бұдан кейін жобамызды дайын өнім ретінде ұсына аламыз», - дейді Данияр.

«Идея көп. Біз тек жоба жұмыстарымен айналысып қоймай, мектеп оқушыларын қатарымызға қосылуға шақырамыз. Ол үшін арнайы клуб ашқымыз келеді», - дейді алдағы жоспарымен бөліскен Ержан.

Қос зияткерге Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты берілді. Сонымен қатар Ержан Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқуға 50 процент жеңілдік алды.

Сайыстардан жүлдесіз қайтпайтын Эламирдің «Novel.Oculos» деп аталатын жобасы көзі көрмейтін жандарға арналған. Арнайы бағдарлама айналадағы заттарды тануға мүмкіндік береді. Жаңашыл оқушының бұл жобасы қазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық оқушының ғарыш кеңістігіне арналған реактор үлгісін жасап шығарғанын және тағы бір шәкірттің АҚШ пен Гонконгтың 11 оқу орнынан шақырту алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар