БҚО-ның Тасқала ауылында тасқын су басу қаупі сақталып отыр

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында тасқын су басу қаупі сақталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің жедел штабы мәлім еткеніндей, Деркөл өзеніндегі су деңгейі көтерілу үстінде.

Тасқала аудандық ТЖ бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мейрамбек Тұрарбековтің айтуынша, Тасқала ауылындағы гидробекет мәліметі бойынша 4 сәуір күні сағат 20.00-де су деңгейі 435 сантиметр болса, бүгін таңғы сағат 05.55-те 443-ке жеткен.

«Өзен суы көтерілуінің қауіпті шегі – 520 сантиметр. Жағдай бірқалыпты, бақылауда болғанымен, ауылды су басу қаупі сейілген жоқ», деді М.Тұрарбеков.

БҚО ТЖ департаментінің мәліметіне қарағанда, облыс бойынша су тасқынымен күрес жұмыстарына 494 адам (134 техника, 8 жүзу құралы, 31 мотопомпа, 2 тікұшақ) жұмылдырылған. 5 сәуір күні таңғы сағат 04.00-де Маңғыстау облыстық ТЖ департаментінің жеке құрамынан 14 адам (2 техника, 1 мотопомпа) Ақжайық ауданы Чапаев ауылына ауыстырылды.

Орал қаласында, Тасқала, Жәнібек, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарында еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері 120 240 текше метр су сорылды.



Сондай-ақ Бөрлі (200), Жәнібек (1450), Қаратөбе (1000) аудандары мен Орал қаласында (700) құм салынған 3350 қаппен бекіту жұмыстары жүргізілді.

Соңғы тәулікте облыстық маңызы бар Федоров-Ақсай жолының 80-шақырымында, жергілікті Жәнібек-Талов жолының 120-шақырымында және Казталов ауданында Қошанкөл-Қараоба жолының 52-шақырымында жолдарды су басқаны тіркелді. Бұған дейін су шайып кеткен Шыңғырлау ауданындағы жергілікті жол учаскелері бақылауда.

Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында суға кеткен 97 тұрғын үйдің бәрінен су сорылып алынды. Көшірілген 639 адамның 60-ы М.Ықсанов атындағы мектепте орналастырылған.

Облыс аумағының 20 пайызында (Тасқала, Бәйтеректе, Теректі ауданының бір бөлігінде) қар әлі бар.

Трансшекаралық Жайық, Қараөзен, Сарыөзен, Шаған өзендері мен су қоймалары бойынша да мониторинг жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін волонтерлік штаб құрылғанын, Батыс Қазақстанда төтенше жағдай зардаптарын жоюға 1,4 млрд теңге қарастырылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар