БҚО-ның оңтүстік аудандарында мал азығын дайындауға байланысты қиындықтар туындап отыр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қысқа қажетті пішеннің 88,7 пайызы дайын. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев айтып берді.

Оның мәлім еткеніндей, алдағы 2023-2024 жылдың мал қыстағына кіруге жоспарланып отырған 1 млн 121,4 мың шартты мал басына 2 млн 126,1 мың тонна шөп дайындау жоспарланып отыр.

-Сонымен қатар қыстаққа қосымша 242,1 мың тонна жемдік мал азығы, 8,5 мың тонна сүрлем, 6,6 мың тонна пішендеме әзірленетін болады. Аудандардан алынған жедел ақпаратқа сәйкес 2023 жылдың 31 тамызына дейін 3 млн 324 мың га жер шабылып, 1 млн 315 мың тонна шөп дайындалды, немесе бұл – қажеттіліктің 61,9 пайызы. Өткен жылы облыс бойынша 2 млн 327 мың тонна мал азығы дайындалып, содан қыс қолайлы болып, 570 мың тонна қалдық шөп қорымыз қалыптасты. Осы қалдық шөппен қоса есептегенде, биыл барлығы 1 млн 885 мың тонна шөп даярланды, бұл жалпы қажеттіліктің 88,7 пайызын құрап отыр, - дейді Р.Зұлқашев.

-Рүстем Мүлкәйұлы, жалпы шөптің шығымы қалай, шаруалар көздеген межеден шыға ала ма?

-Оңтүстіктегі үш ауданда, атап айтқанда, Бөкей ордасы, Жаңақала және Жәнібекте шөп шығымы облыстың орташа көрсеткішінен төмен. Осы аудандарды мал азығымен толық қамтамасыз ету мақсатында барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Яғни сол аудандардың өзінен және облыстың өзге де аумағынан босалқы жерлерден шөп шабу, оны тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Облыс бойынша 2023-2024 жылдың мал қыстағына, жалпы алғанда, мал азығын толық дайындауға мүмкіндігіміз бар.

Биылғы жылғы көктемгі тасқын су есебінен облыс бойынша 58,9 мың га көлтабандық жерге (лиман) су шығарылды. Бұл өз кезегінде Жаңақала, Казталов, Ақжайық, Қаратөбе, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында мал азығының өнімділігіне оң әсерін тигізуде.

Тағы бір айтарымыз, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жем-шөп дақылдарын дайындауға арзандатылған жанар-жағармай үшін 1245 тауар өндірушіден 9,7 мың тоннаға өтінім түсіп, шаруашылықтарға жеткізілуде. Жіберу бағасы литріне 240 теңгеден келіп отыр.

-Ал енді түйткілді мәселе, киіктердің шабындық жерлерді таптап кетуіне байланысты өтемақы беріле ме ?

-Иә, киіктің Орал популяциясының шектен тыс көбеюі салдарынан оңтүстік аудандардың аумағында шаруашылықтардың және елді мекендердің жерлері тапталып, зардап шекті.

Аудандарда құрылған комиссиялар анықтағанындай, барлығы 913 мың га, соның ішінде 864 мың га жайылым, 46 мың га шабындық, 3 мың га дақылдар егісін киіктер таптаған. Тапталған жерлер әрбір шаруа қожалықтары бойынша актіленді.

Қазіргі уақытта ҚР АШМ ұсынған жайылымдық және шабындық жерлерге киіктер келтірген залалды өтеу әдістемесі негізінде облысымыздың шаруаларына келтірілген залалдың көлемі анықталып, министрлікке ұсынылды.

Өңірде мал азығын дайындауға қатысты шаруалар да өз пікірлерін жеткізді.

Ақжайық ауданы «Сәбит» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Құрманғалиевтің айтуынша, көлтабандық жерлерден өнім жақсы алынуда.

«Биыл көктемде су мол келді, ылғал да болды. Соның нәтижесінде көлтабанда шөп бітік шықты. Ал қырлық жердегі шөптің шығымы ойдағыдай емес, шабуға келмейді. 80 гектарға судан, 80 гектарға жоңышқа еккенбіз. Судан шөбін екі рет орып алдым. Қазір қысқа 80 пайыз дайынбыз деуге болады. Шөп сатумен айналыспаймын. Өйткені артық шөп қоры өзімізге керек. 2018, 2019 және 2020 жылдары жылқы қолға қарап қалған кезде сол қордың арқасында қыстан аман шыққанбыз», деді Е.Құрманғалиев.

Осы аудандағы Ақжол ауылдық округіндегі «Нығмет» шаруа қожалығының басшысы Зайдөк Өтеғалиев мал азығын дайындаудың оңайлыққа түспегенін айтады.

-Округіміз Жаңақала ауданымен шектеседі. Биыл киік көп келіп, шөпті жеп қойды. Қырлықтан, көлдіктен, орманның ішінен бар іліккенін шауып алдық. 10 мың центнер шөп дайындадық. Былтырдан қалған 5 мың центнер пішен бар. Қыстан шығуға жетеді деп отырмыз, - дейді фермер.

Жаңақала ауданында «Бірлік» мал зауыты» ЖШС әуелден асыл тұқымды Еділбай қойын өсірумен айналысады.

Серіктестік директоры Қанат Ешімовтің сөзіне қарағанда, қырлықтағы шөптің шығымы нашар болды. Көктемде нағыз көктер уақытында күн салқын болды да, дұрыс өспей қалды.

«Бізді құтқарған Жайық суының Дөңгелек, Пятимар су қоймалары арқылы көлтабандарға шығуы болды. Екіншіден, көлтабандарды 25 шақырымдай жердей электронды бақташымен қоршадық. Соның нәтижесінде мал түспей, шөп бітік шықты. Қазірдің өзінде 42 мың центнер мал азығы дайындалды. Науқан аяқталғанша, 45 мыңға жететін болар. Шөпті алдымен өзіміздің жұмысшы-қызметкерлерімізге түсіреміз. Содан кейін арзан бағамен зейнеткерлерге жеткіземіз. Алдағы қыста 10,5 мың Еділбай қойы, 1 мыңға жуық жылқы, 250 бас ірі қара 18 орында қыстатылмақ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Ешімов.

Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округінде жылқы мен ірі қара өсіріп отырған «Мұқас» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Исқақовтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда таңнан кешке дейін шөп шабумен шұғылдануда.

«Өзім Тегісшіл ауылында тұрамын. Ресей жақ беттегі шабындықта шөптің шығымы шүкіршілік етуге жарайды. Борсы ауылынан «Марал» шаруа қожалығы көмек сұрап, бірге шауып, жинап жатырмыз. Қоянның қысы қатты болады деген қауіп бар, жылқы тұрып қалса, жағдай қиындап кетеді, сондықтан соның алдын алмақшымыз. Биыл жемнің бағасы қолжетімді. Киік тап көктемдегідей болмағанмен, әлі де баршылық. Тағы жаңбыр жауса, күзгі көк малдың семіруіне септеседі деп отырмыз», деді Б.Исқақов.

Орал қаласынан ең шалғайда жатқан, Нарын құмында орналасқан, қырлық жерлері де бар Бөкей ордасы ауданы төрт түлік малдың көптігімен ерекшеленеді. Мұнда биыл шөптің шығымы ойдағыдай болмай тұр.

-Техниканың бабы келмей, жоғын түгендеп кеш бастадық. Жыл сайын 500-600 рулон жинайтынбыз. Дәл қазір шөп шауып жатқанымыз жоқ. Тырнамалап жатырмыз. Ойтақан құмында жүрміз. Шөп жоққа жақын. Киіктің кесірі бір, қуаңшылығы бар, мал баққан ауылға қиын боп тұр, - деді Бисен ауылдық округіндегі «Малтақан би» шаруа қожалығының басшысы Сейтхайыр Мұхамбетшин.

Осы аудандағы «Алина» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Насимоллиннің де айтары бар.

- Мұратсай, Жәрмеңке маңында шөп шауып жүрміз. Шөп жоқ, көк шаң қылып, салдырлап бос жүргеніміз көп. Ақселеу мен жусанға түстік, биылғы ыстық, қуаңшылықтан шөптің құнары қалмаған. Топырақ аралас. Қиын болып тұр. Шаруаларды қолдау мақсатында тонналап жанар-жағар май бөліп жатыр. Бірақ ол да қолжетімсіз. Біз сияқты орта шаруалар ала алмадық. Бұл жылдағы ән ғой. Былтырдан қалған шөпті қосқанда, жоспарлап отырған мал азығының 80 пайызы бар. Алда қоян жылының қысы келе жатыр. Оның ауыртпалығы болатыны елге белгілі. Мал біздің жақта екі ай тұрып қалса, құрық ұстап қалар түріміз бар, - деді Қ.Насимоллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шаруалар киікке байланысты төтенше жағдай енгізуді сұрап отырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар