БҚО-ның 2 басқармасына жаңа басшылар тағайындалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қос бірдей басқармаға жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Сәкен Рүстемұлы Нұртазаев Батыс Қазақстан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов жаңадан құрылған басқарманың басшысын таныстырды.

Сәкен Нұртазаев 1985 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша, 2011 жылы Стерлинг университетін менеджмент мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Еңбек жолын 2007 жылы «КазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік департаментінің жетекші маманы қызметінен бастады. 2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқармасының сарапшысы болды. 2010-2012 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (Астана) сектор меңгерушісі, 2012 жылдан бастап ШҚО әкімі аппаратының бас инспекторы, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары, 2016 жылдан қазіргі күнге дейін Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы болып істеді. Бұл қызметте «Ашық әкімдік», «Smart city» жобаларын дамыту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің цифрландыру саласына жауап берді.

Айта кетейік, Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дамыту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы жаңадан құрылған болатын. Аталған басқарма өңір экономикасының барлық салаларын цифрландыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен «Smart city» жобаларын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.

Сонымен қатар, конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Рүстем Сәрсенбайұлы  Закарин Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 

Оны облыс әкімінің орынбасары Бағдад Азбаев аталған басқарма ұжымына таныстырды.

null

Рүстем Закарин 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы университетін ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру мамандығы бойынша, Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын қаржы бакалавры бойынша бітірген.

Әр жылдары Орал қаласы әкімі аппаратының отын-энергетика кешені және инфрақұрылым бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар  көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің бас маманы, сектор меңгерушісі, бастығының орынбасары, бастығы, Орал қаласының құрылыс бөлімінің басшысы, 2016 жылдың маусым айынан күні бүгінге дейін Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс жасады.

Соңғы жаңалықтар