БҚО: Наурызды тойлауға барша халық белсене қатысты (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы Сырым Датұлы алаңында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтілді.

Биылғы Наурыздың ерекшелігі, алаңға іргелес М.Ықсанов көшесі бойында әр этномәдени бірлестік киіз үй тігіп, өз ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетіп, мейрамды тойлауға белсене атсалысты. ҚХА жылы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ассамблея мен Ата заңның 20 жылдығы тойланатын жылда ұлттардың бірігуі, бейбіт елдің тыныс-тіршілігі көрініс тапты.

Алаңда Наурыз мерекесіне орай театрландырылған көрініс қойылып, онда ел тарихы қамтылып, батыр-хандардың сән-салтанаты, бабалардың дана сөздері Қыз Жібек көшіне ұласты.

Жиналған жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Тамырын тереңнен тартқан, шығыс елдеріне ортақ мерекені ғасырлар бойы халқымыз жаңа жылдың басы, барша жақсылықтың жаршысы ретінде тойлап келеді. Рас, өткен ғасырдың бас кезінде Наурыз мейрамына тыйым салынған кез де болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен Наурыз жалпыхалықтық мереке ретінде халқына қайта оралды. Күні бүгін Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүріп жатса, Наурыз солардың бәрі тойлайтын ортақ мейрамға айналды. Егемендік алып, қарқынды даму жолына түскен Қазақстанды бүкіл әлем таныса, ол - елімізді мекендеген халықтың ынтымағы мен татулығының жемісі.

Бұдан кейін облыс өнерпаздары мерекелік концерт қойып, сонымен қатар М.Ықсанов көшесі бойында басқа да мәдени-спорттық шаралар жалғасын тауып жатты.

Наурыз сондай-ақ қаланың кенттерінде, аудандарда кеңінен тойланды.

Соңғы жаңалықтар