БҚО мектептеріне қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы мектептеріне қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы міндетін атқарушы Света Ғаниеваның мәлім еткеніндей, ҚР Үкіметінің биылғы 18 наурыздағы №148 қаулысына сәйкес өңірдегі 10 мектептің атауы өзгерді.

Атап айтқанда, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты мен Бәйтерек ауданындағы Дариян мектеп-гимназия-интернатына Абай есімі берілді.

Сондай-ақ Бәйтерек ауданында Трекин бұдан былай Қадыр Мырза Әли, Первосоветск Шоқан Уәлиханов, Щапов Бауыржан Момышұлы, Батурин Талғат Бигелдинов, Новенький Қасым Қайсенов және Ульянов Ілияс Есенберлин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп болып аталады.

Сонымен қатар Шыңғырлау ауданында екі мектептің атауы қазақшаланды. Белогор негізгі орта білім беретін мектебі Ақтау ауылының негізгі білім беретін орта мектебі, Полтава негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасы Ардақ ауылының негізгі білім беретін орта мектеп-балабақшасы болып қайта аталды.

«Жеткіншек ұрпаққа ұлттық рух беру мақсатында білім беру ұйымдарына ұлы тұлғаларымыздың есімін беру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Ғаниева.


Соңғы жаңалықтар