БҚО мекемелері вакциналанбаған қызметкерлері үшін айыппұл төлейтін болады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қызметкерлері вакцина алмаған мекеме-кәсіпорындар айыппұл төлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен өңірлік жедел штаб отырысында мәлім еткеніндей, 17 қазаннан бастап жаңа құқықтық-нормативтік акт күшіне енді.

«Соған сәйкес мониторингілік топтар жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қызметкерлері 60 пайыздан төмен вакцина алған ұйымдарға тексеру жүргізе алады. Егілмеген адамдар болса, тізімін алып, материалды бізге жолдайды. Облыс бойынша 167 мониторингілік топ бар, бұл жұмыстар осы аптада басталады», - деді М.Арыспаев.

Оның айтуынша, заңбұзушылық анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес шағын кәсіпкерлік нысандарына – 670 910 теңге, орта кәсіпкерлік нысандарына – 904 270 теңге, ірі кәсіпкерлік нысандарына 4 млн 667,2 мың теңге айыппұл салынатын болады.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, облыста вакцинация баяу жүріп жатыр. Барлығы 414 390 адам егілуге тиісті болса, соның 229 мыңы немесе 54 пайызы ғана бірінші компонентті қабылдаған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ресейде коронавирустың өршуіне байланысты БҚО-да шекарада карантин күшейтілгенін, ауруханаға түскендердің 95 пайызы вакцина алмағандар екенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар