БҚО: майдангерлерге медициналық көмек көрсетілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы майдангерлерді апта сайын толық тексеруден өткізіп, емдеу мен сауықтыру жұмыстарын қолға алды.

Олар кешенді түрде емделіп, сондай-ақ шипажайларға барып, денсаулықтарын нығайта алады. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, облыста 264 ҰОС ардагері қалды, олардың қатары күн санап азайып келеді. Қалғандарының Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуы үшін барынша жағдай жасалуда. Емханаларда арнайы кабинеттерде майдангерлерге емдік көмек көрсетіліп, кеңес беріледі. Барлық дәрігерлер алдын ала жазусыз, кезексіз қабылдайды. Емдеуші дәрігерлердің жолдамасымен мемлекет есебінен санаторлық емделуге жіберіледі. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар да жәрдем береді.

Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында қазіргі таңда 88 жастағы Меңдіғали Қалмұрзин мен 92 жасар Жамаледден Исқақов емделуде. Жамаледден ақсақалдың айтуынша, ол 1942 жылы Жәнібек ауданынан майданға аттанған. Сол жылдың тамыз айында Сталинград майданында ұрыстарға қатысып, қазанда жараланады. Сосын Балашов, Пенза, Қазан қалаларында емделіп, елге оралады. Кейін Қаратөбе, Жәнібек аудандарында басшылық жұмыстар атқарады.

М.Қалмұрзин әскерге 1944 жылы алынып, Жеңісті Берлинде қарсы алады. Тасқала ауданында көп жыл тракторшы болып еңбек еткен майдангерге бұдан үш жыл бұрын Орал қаласынан пәтер берілген, қазір сонда тұрып жатыр.

Майдангерлер өздеріне көрсетіліп жатқан көмекке разы. «Қазақстанда Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес біз ұмыт қалған емеспіз. Президентіміздің Жаңа жылмен құттықтауы мен арнайы сыйлығын да алдық. Осының бәрі біздің көңілімізді көтеріп, денсаулығымызды шыңдайды», - дейді олар.

Соңғы жаңалықтар