БҚО: Майдангерлерге деген құрметке ризамын - Қ. Сүйіншәлиев, ҰОС ардагері

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елімізде майдангерлерге көрсетіліп отырған құрметке ризамыз. Бұл туралы Орал қаласында тұратын өңірге танымал тарихшы-ғалым, Ұлы Отан соғысы ардагері Қаламғали Сүйіншәлиев мәлім етті.

- Биылғы жыл біз үшін ерекше басталды. Жаңа жыл қарсаңында бәрімізге Елбасының құттықтауы мен сыйлықтары табыс етілді. Президент тапсырмасына сәйкес майдангерлерге деген құрмет жалғасуда. Кеше тоқсан жасқа толуыма орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдап, ізгі тілегін білдірді. Ардагерлерге жақсы сөз, риясыз ниеттен басқа не керек, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын да осындай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға жазсын, - деді Қаламғали Жұмашұлы.

Тайпақ өңірінде туып-өскен Қаламғали Сүйіншәлиев Ұлы Отан соғысы кезінде Қап тауында болып, әуе шабуылына қарсы күресетін әскери құрамада қызмет етіп, атақты грузин жолын жаудан қорғады. 1946 жылы елге оралғаннан кейін А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдап, облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі қызметін атқарды. Кейін ұстаздық жолға түсіп, сол институтта, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде елу жылдан астам уақыт бойы еңбек етті. 1969 жылы тарих ғылымынан кандидаттық диссертациясын қорғап, бар білім-білігін кейінгі ұрпаққа беріп келеді. Қазіргі кезде де облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуда.

Айта кетейік, Қаламғали Жұмашұлының туған ағасы, 1918 жылы дүниеге келген, қазір арамызда жоқ Ханғали - республикаға белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы. Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл Жұлдыз», бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған ол көп жыл Алматыда тұрып, ҚазМУ-де қызмет етті.

Соңғы жаңалықтар