БҚО: ҚХА жылы Жаңақалада қос бірдей мәдениет үйінің ашылуымен басталды (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы ежелден күйшілер өңірі атанған Жаңақала ауданында күрделі жөндеуден өткізілген қос бірдей мәдениет үйінің ашылуымен басталды.

Пятимар және Қызылоба ауылдарындағы мәдениет үйлерінің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы саясаты арқасында қол жетіп отырған саяси тұрақтылық пен қоғамдағы келісімге, ел бірлігіне жететін ештеңе жоқ.

Тәуелсіз елімізде Президент бастамасымен жаңа жоба-бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Соның бірі - «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020». Бұл бағдарлама аясында, біріншіден, тозығы жетіп тұрған нысандар ретке келтіріліп, қайта түлесе, екіншіден, халық жұмысқа тартылып отыр. 1962 жылы іргесі қаланған Пятимар, 1987 жылы бой көтерген Қызылоба мәдениет үйлері содан бері жөндеу көрмеген. Аталмыш бағдарламаға орай сәйкесінше 54,2 млн. астам және 52 млн. жуық теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын «АқсайСтройСервис» ЖШС уақтылы әрі сапалы атқарып шықты. Бірінші нысанға 11, екіншісіне 19 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылды.

Қайта жаңарған ғимараттарда дәстүрлер бөлмесі, модельдік кітапхана сынды рухани орындар ашылып, ғаламтор байланысы да іске қосылды. Енді бұл мәдениет үйлерінде де ҚХА жылы аясында өтетін түрлі шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар.

Жаңақалада құрылыстың қарқынды жүріп жатқаны аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің тұрғындармен есептік кездесуінде де айтылды. Мәселен, ауданда үш бірдей жаңа мектеп салынуда. Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 104-113 шақырымдары аралығы асфальтталып, Жаңақала ауылы көшелеріне қатқыл табанды жол төселді. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша бой көтеретін 19 үйдің үшеуі салынды. 2014 жылы 5858 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Дегенмен инфрақұрылымдар жеткізілмей салынған тұрғын үйлер бар, қазір 1258 жер телімін сумен, 670-ін газбен, 933-ін электр желісімен жабдықтау міндеті күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі таңда ауданда 155 адам тұрғын үй, 393 адам жер телімі кезегінде тұр. Бұл қала ғана емес, ауылдарда да баспанаға деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетеді.

Мемлекеттің қолдауы арқасында жаңа жұмыс орындары да жыл сайын артып келеді. Айталық, 2013 жылы 429 жұмыс орны ашылып, 297 адам тұрақты жұмысқа орналасса, былтыр 441 жұмыс орны ашылып, 372 жан еңбек орнын тапты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының 1-бағыты бойынша әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуге 414 млн. теңге бөлініп, 123 адам жұмысқа тартылды. Бағдарламаның 2-бағыты бойынша 2014 жылы 69 млн. теңге бөлініп, оның игілігін 43 адам көрді.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Н.Ноғаев Елбасы тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартып, мәдениетін көтеруге бағытталған жұмыстардың биыл да жалғасатынын, есептік кездесуде көтерілген мәселелердің маңыздылығына қарай кезегімен шешілетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар