БҚО: Қазталов ауданында қарттар үйінің жаңа ғимараты ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында аудандық қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінің жаңа ғимараты ашылды.

Ғимарат құрылысының бірінші кезеңі 2010 жылы жүргізілсе, биыл облыстық бюджеттен 96 млн. теңге бөлініп, жұмысты бас мердігер «Жалпақтал Су» ЖШС (басшысы Серік Темірханов) толық аяқтап шықты.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Кемел Сәдбеков ауыл халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жасы ұлғайған жалғызілікті және мүгедек жандарға Елбасы мен мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық көрсетіліп келе жатқанын атап өтіп, аталмыш қарттар үйінің заман талабына сай сапалы қызмет атқаратынына сенім білдірді. Олар осындағы қамқорланушылармен кездесіп, хал-жағдайларын білді.

Облыс орталығы мен көрші ауданнан келген меймандар сондай-ақ Жалпақтал мәдениет үйінде С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы жанындағы Қазталов халықтық театры қойған Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» музыкалық комедиясын тамашалады.

Өңірде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиындар мен мерекелік шаралар жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар