БҚО қазақ театрының жаңа маусымы «Томирис» трагедиясымен ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 29-маусымы «Томирис» трагедиясымен (авторы Шахимардан Құсайынов, аударған Қалихан Ысқақ) ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қойылымды белгілі режиссер әрі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов сахналады.

Қойылымның суретшісі Мұрат Мәмбетов, балетмейстері Қарлығаш Қадырбекова болса, Томиристі мәдениет саласының үздігі Хорлан Шамелова сомдады.

Сондай-ақ Балқашты «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қуаныш Амандықов, Спаргаписті Ақжол Ихсан, Кирді Жантілеу Нуфтуллин, Амаганы Жұлдыз Мамедова алып шықты. Елес (екінші Томирис) болып Эльмира Мақашева көрінсе, Мардты Райымбек Ермек, Ардаширді мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов бейнеледі. Басқа да әртістер қойылымның ойдағыдай шығуына үлесін қосты.

Премьерадан соң облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қазақ халқының тарихында көне заманнан бері азаттық үшін қасық қаны қалғанша күрескен Томиристей батыр ұл-қыздарының аз болмағандығын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында аталған қойылымның сәтті шыққанын атап өтті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Томирис» арнайы қойылды. Бұл ретте Шахимардан Құсайыновтың пьеасы таңдалып алынды. Қалихан Ысқақ та қазақтың небір шұрайлы сөздерін тауып, сәтті аударған. Туынды драматургияның классикалық үлгілеріне толық сай келеді. Кейіпкерлердің бір-бірімен қақтығысы, тартысы барынша шынайы берілген. Яғни ана мен бала, әкенің үшеуінің арасындағы тақ таласына құрылған. Шекспирдің «Гамлетінде» ана мен бала, әкенің арасындағы тартыс сияқты, мұнда да сондай шиеленіс бар. Соның бәрі, түптеп келгенде, ел мен жерді сақтап қалуға тіреледі. Оралдағы қазақ театры осымен 29-маусымын ашып отырса, бұл – менің осында қойған 27-інші спектаклім», - деді ҚазАқпарат тілшісіне қойылым режиссері Мұрат Ахманов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Оралда жас домбырашылар байқауы мәреге жеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар