БҚО кәсіпорындары жұмысшыларына 56 млн теңге қарыз

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында алты кәсіпорын 159 қызметкеріне 56,035 млн теңгеге жалақы қарыз болып отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде БҚО бойынша еңбек испекциясы басқармасының басшысы Азамат Айтуев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, соның ішінде банкрот болған үш кәсіпорынның 20 қызметкерге берешегі - 25,871 млн теңге. Сондай-ақ сот орындаушылары 40 қызметкерге 4,393 млн теңге қарыздар болып отырған 1 кәсіпорынға қатысты атқарушылық өндірісін қозғады. Оған қоса 2 кәсіпорынның 99 қызметкерге ағымдағы берешегі 25,771 млн теңгеге жеткен.

«Өкілетті органдар қабылдаған кешенді шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 91 мекеме-ұйымның 351 қызметкер алдындағы 77,047 млн теңге берешегі өтелді. 28 ұйғарым беріліп, 19 жұмыс беруші 3,078 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді А.Айтуев.

Айта кетейік, жалпы тексерістер нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы 118 (өткен жылы  осы мерзімде - 80) нұсқама берілсе, соның ішінде еңбек қатынастары бойынша - 82 (53), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша - 22 (8), халықты жұмыспен қамту бойынша - 14 (9). Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 25 (27) тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 4,088 (3,993) млн теңге айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар