БҚО қаржы басқармасына жаңа басшы тағайындалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс әкімдері орынбасарларының санын шектеу туралы тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде БҚО әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы Каюпов облыстық қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен облыстық қаржы басқармасы біріктіріліп, облыстағы ең үлкен басқарма - қаржы басқармасы болып аталды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев қайта құрылып, күшейтілген басқарма алдына бюджетті жоспарлау және игеру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына жетекшілік ету, бюджетті оңтайландыру, қосымша кіріс көздерін табу секілді міндеттерді жүктеді.

Басқарма ұжымымен кездесу барысында өңір басшысы атқарылған нәтижелі жұмыстар үшін Нұрлан Есенғалиевке алғысын білдіріп, жаңа басшы Тілепберген Каюповқа сәттілік тіледі.

Т.Каюпов 1976 жылы дүниеге келген.

Білімі жоғары. 1997 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы университетін бухгалтер-қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Казталов ауданы салық комитетінің инспекторы, Казталов аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, БҚО қаржы басқармасының бөлім басшысы, басшының орынбасары, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары, БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды.

2021 жылдан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту мәселелеріне жетекшілік етті.


Соңғы жаңалықтар